«Үстінен іс қозғаймыз»: Вице-министр «Кублей» зауытына қатысты мәлімдеме жасады

Дина Әділ

«Кублей» зауытына төнген қауіп елдегі ауыл шаруашылығы саласына  кері әсерін тигізеді

Ауыл шаруашылығы министрлігі «Кублей» зауытына қатысты мәлімдеме жасады, деп хабарлайды qaz365.kz  azattyq-ruhy.kz-ке сілтеме жасап.

Бұл  дау 2020 жылы «Кублей» зауытының жанынан әкімдіктің «Циолковский» тұрғын үй кешенін салуға рұқсат берген күннен  басталған. Әкімдік 2014 жылы Үкімет бекіткен қаланың Бас жоспарына өзгеріс енгізіп, 2020 жылдың мамыр айында зауыттың санитарлық қорғау аймағына көпқабатты тұрғын үй салуға рұқсат беретін қаулыны шығарып жіберген.

«Кублей» зауытына төнген қауіп елдегі ауыл шаруашылығы саласына тікелей кері әсерін тигізеді. Зауыттың проблемасы шешілмесе Қазақстанда қайта өңдеу саласы құлдырап, ауыл шаруашылығының бәсекеге қабілеттілігі төмендейді.

Министрліктің мәліметінше, елдегі ауыл шаруашылығы өнімі құлдырап қана қоймай, импортқа тәуелділік артып, шетелдік өнімдер қаптайды. Ведомствоның мәліметінше,  «Кублей» зауыты жабылса, БҚО мыңдаған шаруа қожалықтары зиян шешіп қана қоймай, бүкіл Қазақстан бойынша осы саланың кері кетуіне тікелей әсер етеді. Министрлік  өндіріс орнының елімізде алатын орны ерекше екенін атап қана қоймай, нақты шығаратын өнімдеріне зерттеу жасаған.   

«Кублей» ЖШС – 30 жылдық тарихы бар ет, балық және көкөніс консервілерін өндіретін ірі отандық кәсіпорындардың бірі. Кәсіпорынның ет және ет-өсімдік консервілерін өндірудегі үлесі 65%. Осылайша, бұл кәсіпорын ішкі нарықты ет өнімдерімен қамтамасыз етуге ықпал етеді. Сонымен қатар тек Қазақстанды ғана емес, оны Өзбекстанға, Қырғызстанға, Тәжікстанға және т.б. экспорттайды. Бүгінгі таңда консервілеу зауыты 100-ден астам консервілеу өнімдерін шығарады: ет, ет және көкөніс, балық, деликатес, жеміс-көкөніс консервілері, тауық консервілері, дайын түскі ас және сүт консервілері. Оның қуаты-бір ауысымда 200 мың банка консервілер. Батыс Қазақстан облысының 3 мыңға жуық шаруа қожалығы кәсіпорынға ет жеткізеді», – деді ҚР Ауыл шаруашылығы вице-министрі Жеңіс Өсербай.​​​​​​

Министрлік «Кублей» ЖШС зауытының басына төнген қауіп шешілмей, өндіріс орны шенеуніктердің кесірнен жабылса, Батыс Қазақстан облысындағы шамамен 3 500 шаруа қожалығына кері әсерін тигізетінін ескертті. Тек шаруалар ғана зиян шегіп қоймай, ауыл шаруашылығы саласындағы отандық өнім өндіру деңгейі төмендеп, шетелден импорт көбейетінін алға тартты.

 

 «Кублей» ЖШС зауыты жабылуы ол шикізаттың жеткіліксіздігімен, ішкі нарықты ет өнімдерімен қамтамасыз етуі төмендеуімен елдегі ауыл шаруашылығының жұмысына кері әсерін тигізеді. Сонымен қатар экспортқа шығарылатын тауарлар төмендеп, импорттық тауардың ішкі нарықта көбеюіне әкеліп соғады. Зауыттың жабылуының нәтижесінде 700 адам жұмыссыз қалады. Сондай-ақ отандық қайта өңдеу кәсіпорындарының бәсекеге қабілеттілігін айтарлықтай төмендетеді. «Кублей» ЖШС консервілеу өнімдерін шығаратын зауыттың өкілдері екі жыл бойы Орал әкімдігімен сот ісін жүргізуде. Кәсіпорынның өкілдерінің айтуы бойынша әкімдік зауыт орналасқан өнеркәсіптік аймақтың егжей-тегжейлі жоспарлау жобасын заңсыз бекіткен. Нәтижесінде осы аймақта көп пәтерлі тұрғын үйлер салына бастады. Санитарлық-қорғау аймағы тұрғын алабынан кемінде 100 метр болуы тиіс», - деп жауап берді ҚР Ауыл шаруашылығы министрлігі.

 

Заңгер Бақытжан Базарбектің сөзінше, өндірістік аймақты тұрғын үй салатын жер деп өзгертіп, өтіп кеткен уақытпен заңдастырмақ болған.

«Енді судья шешім шығарудың орынына тараптарды татуластыру сатысына өтеміз, шешім шығарылмайды, бұл іс қоғамда үлкен резонанс алды, сондықтан да татуласу керек дейді. Біліп тұр, соттың шешімінен кейін не арба сынады, не өзгіз өледі. Бұл жерде бейтарап шешім жоқ. Өйткені Орал қаласы әкімінің қаулысы заңсыз шығарылған. Уәкілетті органдардың келісімі жоқ. Егжей-тегжейлі жобасы Орал қаласының бас жоспарына сәйкес болуы керек. Сәулет-қала құрылысы туралы талаптарға сай өнеркәсіптік аумақтарда тұрғын үй салуға тыйым салынған. Заңның аты заң ғой енді.

Қоршаған ортаны қорғау схемасы жоқ, егжей-тегжейлі жоспарды дайындау тапсырмасы жоқ, негізгі уәкілетті органның қорытындысы болуы керек, 8-9 уәкілетті органның келісімі болуы керек, қала құрылысының топографиялық суреті болуы керек, қала құрылысы зоналарын растайтын жоспар болуы керек. Одан бөлек, санитарлық-эпидемиологиялық қорытынды болуы керек, экологиялық сараптаманың қорытындысы болуы қажет. Ешнәрсе жоқ”,- деді заңгер Бақытжан Базарбек.

Бақытжан Базарбек, заңсыз қаулыны 2020 жылы Орал қаласының әкімі болған Абат Шыныбековтың шығарағанын айтты. Сондай-ақ, екі жылдан бері созылып келе жатқан іске қатысы бар деген өзге де лауазымды тұлғалардың атын атады. 

«Орал қаласының әкімі болған, қазір БҚО әкімі аппаратының жетекшісі Абат Шыныбековтың, БҚО әкімі Ғали Есқалиевтың үстінен, Орал қаласы әкімінің орынбасары Асхат Күлбаевтың үстінен іс қозғаймыз. Біз бостан-босқа қалдырмаймыз бұл істі», - деді заңгер.