БҰҰ Құран мен өзге қасиетті кітаптарды өртеу әрекетін айыптайтын қарар қабылдады

Qaz365.kz редакциясы

Қарарды қабылдауға 28 ел дауыс берсе, 12-і қарсы шықты

Gettyimages.ru © SOPA Images

Біріккен Ұлттар Ұйымының Адам құқықтары жөніндегі кеңесі Құран мен басқа да қасиетті кітаптарды өртеу әрекеттерін айыптайтын қарар қабылдады, деп хабарлайды Qaz365.kz.

«Біз жақында болған қасиетті Құран Кәрімді қасақана және ашық түрде қорлау әрекетін үзілді-кесілді айыптаймыз және сол діни өшпенділік әрекеттері үшін кінәлілерді халықаралық адам құқықтарынан туындайтын мемлекет міндеттемелеріне сәйкес жауапкершілікке тарту қажеттігін атап өтеміз», - делінген құжатта.

Қарарды қабылдауға 28 ел дауыс берсе, 12-і қарсы шықты, тағы 7 мемлекет қалыс қалды.

Еске салсақ, бұған дейін Стокгольм полициясының Құрбан айттың бірінші күні Швеция астанасындағы бас мешітте Құран өртеу акциясын өткізуге рұқсат бергені жарияланды.

Кейінірек Швецияның құқық қорғау органдарына Стокгольм мен Хельсингборгта діни кітаптарды өртеу шарасын өткізу туралы тағы үш өтініш түскені белгілі болды.