“Майшаммен отыра тұрыңдар” - қызылордалық тұрғындар мемлекеттік баспанаға наразы

Qaz365.kz редакциясы

Аты жаңа болғанымен, үйге су, жарық өткізілмеген, газ да қосылмапты

Сападан жұрдай мемлекеттік баспана!

 

Қызылорда қаласында тұрғындар мемлекеттік бағдарламамен алған пәтерлеріне қоныстана алмай жүр, деп хабарлайды Qaz365.kz тілшісі «Азаттық-Ньюс» ақпараттық агенттігіне сілтеме жасап.

Өйткені шенеуніктер көп балалы және мүгедек жандарға айналасы аңғал-саңғал, не ауыз суы, жарығы, табиғи газ бен жолы жоқ баспана берген. Тіпті пәтерлердің іші әбден тозған. Ал қала әкімінің орынбасары Ғалымжан Еркебай мәселені шешудің орынына шағымын айтқан тұрғындардың өзіне жекіп тастаған.

Көп балалы ана Анар Әбжәлиева мамыр айының соңында “Бақытты отбасы” бағдарламасымен жеңілдетілген несие арқылы берілетін баспанаға кезегі келгенде қатты қуаныпты. Бұған дейін жалдамалы пәтерде тұрып келген тұрғын жағымды жаңалықты ести сала, алып ұшып жаңа қонысын көруге келген. Сол сәтте қуанышы су сепкендей басылыпты. Аты жаңа болғанымен, үйге су, жарық өткізілмеген, газ да қосылмапты. Амал жоқ, содан бері жалдамалы пәтеріме қайта барып тұруға мәжбүр болғанын айтады.

“Көп пәтерлердің батареялары жарық. Аулада асфальт төселмеген, қоршалмаған. Қолымызға графикті алдық. Пәтердің ақысын төлейміз және ипотека төлейміз. Осындай ыңғайсыз жағдайда қалдық”, – дейді көп балалы ана Анар Әбжәлиева.

Анар Әбжәлиева секілді мемлекеттік бағдарламамен баспана алса да, оның қызығын көре алмай жүрген бірнеше тұрғын бар.

“Мердігердің айтатыны "свет жоқ, майшаммен отыра тұрыңдар” дейді. Құрылыс бөлімінің бастығы "сіздерге газ жоқ, электр пешпен тамақ істеп отыра беріңдер” деп мазақ қылып кетті ақыр соңы. Әлі нақты күн жоқ. Жарықты да, суды да әлі қосып береміз деп жатыр”, – дейді тұрғын Дархан Жұмағұл.

«Нұрлы жер» бағдарламасы аясында салынған осы көп қабатты үйлердің құрылысы 2021 жылы аяқталып, мемлекет меншігіне өткізілген. Баспаналарды салуға бюджеттің бақандай 500 миллион теңгесі жұмсалған екен. Бір қызығы, бұған дейін бірде-бір жан тұрмаған жаңа баспаналарда олқылықтар өзінен-өзі пайда болғанын айтады жауапты бөлімнің басшысы.

“Екі жылдың ішінде ақаулар өздерімен-өздері пайда болған. Батареялар пневматикалық сынақпен емес, гидравликалық сынақпен жасалған. Батареяның ішінде судың қатып қалуына байланысты жарылған. Олар қазір толыққанды қалпына келтіріліп жатыр”, – деді қалалық құрылыс бөлімінің басшысы Айдын Әнуар.

Осы жолы да басшылар су, жарық жақын күндері қосылады деп уәде берді. Сондай-ақ жаяу жүргіншілер жолы мен пәтер ішіндегі кемшіліктерді де қалыпқа келтіреміз дейді. Ал ипотекалық несиесін төлеп, бірақ жаңа баспанаға бас сұға алмай жүрген көпшілік басшылардың сөзіне сенбейді.