Өрт сөндіруші: Адамды құтқарғанда жүрегіннің түбінде бір жылулық пайда болады

Qaz365.kz редакциясы

Екі аптадай Семейдегі орман өртін өшіруге ат салысқан, осы салада 25 жылдық тәжірибесі бар маманмен сұхбаттастық

Qaz365.kz

Тілсіз жау – өрт, жойқын жарылыс талай адамның өмірін жалмады. Жалынның өтінде жүрген өрт сөндірушілерге деген қоғамның бұл күнде құрметі артқан. Екі аптадай Семейдегі орман өртін өшіруге ат салысқан, осы салада 25 жылдық тәжірибесі бар маманмен сұхбаттастық. Бұл мамандықтың қыр-сыры жайында өрт сөндірушіден артық ешкім айтып бере алмас. Qaz365.kz-тың бүгінгі кейіпкері – Ербол Есетов Сарыбайұлы.

Туған жері

Түркістан облысы, Ордабасы ауданы Бөген ауылында дүниеге келдім. Бізде  «Бөген су арнасы» бар. Сонда балық аулап, балалық шағымыз өтті.

Әскери борышы

Мектеп бітірген соң, Алматы облысы Панфилов ауданында әскери борышымды өтедім. Яғни Жаркент қаласында әскери борышымды өтеп, 1997 жылы достарымның шақыруымен Алматыға бардым.

Өрт сөндіру қызметіне қалай келді?

1998 жылдың 1 қаңтарынан ресми түрде өрт сөндіруші болып кірдім. Қазіргі таңда Медеу аудандық өрт сөндіру бөлімінің бастығымын. Әскерден келіп, бірден өрт сөндіруші болып кетуге мүмкіндік болған жоқ. Басында қара жұмыстар істедім.

Мамандығы туралы

Екі дипломым бар. Бірақ екеуін де сырттай бітірдім. Біреуі заңгер, екіншісі техникалық мамандық. Оқу бітіріп келген соң, әскери шен берді. Бұл 2008 жыл еді.

Қызметтегі карьерасы

Сосын Әуезов аудандық өрт сөндіру бөлімі басшысының орынбасары болып тағайындалдым. Бес жылдан кейін өзім жетекшілікке ауыстым. Ол ауданда 2018 жылға дейін жүрдім. Кейін Алатау ауданында бөлім ашылып, сонда жіберді. Қалалық жедел өрт сөндіру гарнизонында да еңбек еттім.

Жұмысына деген құлшыныс

Өкінген кезім жоқ. Бала күнімнен форма киген ұнайды. Мектеп бітірген соң, әскери училищеге тапсырғанмын. Бірақ өте алмай қалғанмын.

Отбасы

Отбасында 10 ағайынбыз. Мен төртіншісімін. Көбісі Шымкентте, үш-төртеуіміз осында. Анам мұғалім, әкем жүргізуші болды. Қазір екеуі де зейнетте. Әйелім мұғалім. Ағылшын тілінен сабақ береді.

Жалақы

2023 жылдан бастап жалақы көтерілді. Бізде өрт сөндірушілер 1 күн істеп, 3 күн демалады. Жалақысы -180 мың теңге.

Еңбек демалысы

Өрт сөндірушілердің еңбек демалысы жыл басында бекітіледі. Маған стажым бар,  45 күнге рұқсат етілген. Отбасыммен жан-жаққа шыққым келеді. Көп жағдайда Шымкентке ауыл жаққа барамын.

Балалары

Олар әлі кішкентай. Бір ұлым екі қызым бар. Ұлым 7 сынып бітірді. Әзірге таңдау жасауға ерте.

Зейнетке шығу

Өзім 1975 жылы туғанмын, жасым 48-де. Әскери шенім – подполковник. Сондықтан 53 жасқа дейін жұмыс істеуге мүмкіндігім бар. Полковник алсам әріқарай істей беруге болады.

Қызықты сәттері

25 жылда талай қызық болды ғой. Оның бәрі есте сақтап жүру мүмкін емес. Әйтпесе, талай жағдайлар болды. Көп адамды құтқардық.

2005 жылдары қарауыл бастығы болып қызмет атқарып жүргенде, шақыру түсті. Биік қабаттардың бірінде өрт болған. Төртінші қабаттағы пәтері жанып жатыр екен. Әйел балконда тұр. Қорыққанынан баласын балконнан лақтырып жібере жаздады. Біз жерде тұрмыз. Сол кезде сабырлыққа шақырып, лақтырмауын өтіндік. Бір жері сынса да, тірі қалатынын біліп тұр. Сол үшін ең болмаса өртеніп кетпесе деп барған әрекеті ғой.

Адамды құтқарғандағы сәт

Оны сөзбен жеткізу қиын. Жұмысынның нәтижесі, адамның өмірін сақтап қалу ерекше. Тіпті, осы күні кәсіби мамандар емес, қарапайым адамдар да құтқарып жатады. Олар да сұхбат бергенде сезімдерін жеткізе алмай қиналады. Бізде де солай. Бастысы, жүрегіннің түбінде бір жылулық пайда болады.

Семейдегі өртке көмек

Семейде орман өртенгенде Алматы гарнизоны 45 адам болып бардық. 13 техника апардық. Өрт 8 маусымда басталды, біз ертеңінде шықтық. Демалу деген болмады. Бірден қызметке кірісіп кеттік. Тапсырма қойылды, сол бойынша жұмыс істедік. Талица ауылында болдық.  Екі апта жүрдік.

Өрттің өршуіне жел себеп болды ғой. Өйткені секундына 20 метрге дейін жылдамдықпен ұйытқыды. Жел тұрғанда орманды өшіре алмайсың.

Марапаттары

«Семей орманы» мемлекеттік орман табиғи резерватында болған ірі өрт кезінде қайсарлық танытқан қызметкерлер марапатталғанын білесіздер. Бір қызметкеріміз Президенттің алғысына ие болды. Өзім министрдің «Төтенше жағдайлардың алдын алуда және жоюда үздiк шыққаны үшiн» медалімен марапатталдым.