Логопед-дефектолог, психолог айтып берді
«Аутизм – ақыл-ой процестерінің кеш дамуы. Бұл дерт емес. Негізінен, баладағы ауытқушылық 4 айынан бастап біліне бастайды. Ата-аналар мұндай кезде баласының оғаш әрекетіне, көп мазасыздануына салғырттық танытпауы керек», – дейді логопед-дефектолог Жандос Сайлаубай.
Qaz365.kz сайтының «Синдром» хабарына берген сұқбатында білікті, тәжірибелі психолог маман ерекше баласы бар ата-аналарға мынадай пайдалы кеңестерімен бөлісті:
Жүктілік кезінде көп әйелдер стреске түседі. Бұл іштегі енді қалыптасып жатқан балаға тікелей әсер етеді. Сондықтан болашақ аналар психо-эмоционалды көңіл күйіне баса мән беруі керек. Анемиясы бар келіншектер балаға қажет дәрумендерді толығымен пайдалануы тиіс. Құрсақтағы шаранаға амин, фолий қышқылдарының жетіспеуінен балада ауытқушылықтар болып жатады. Аутизмнің негізгі факторы дәл осы себепке байланысты деп тап басып айтпасақ та, аналар, ең алдымен, өзі мен баласын ойлауы керек. Бұл – ең басты бұлжымас қағида.
Ай сайынғы тексеріс кезінде аналар дәрігерге бойында орын алған жайсыздықтарын айтып, арнайы диагностикадан тұрақты өтуі керек.
Босанғаннан кейін аналар баласына екпе салу керек уақытын кешіктірмеуі тиіс. Түрлі инфекцияға қарсы екпе – керісінше баланың иммундық жүйесін жақсарта түседі.
6 ай мен 1 жыл аралығында баланың іс-әрекетіне, мимикасы мен жестикуляциясына жіті мән беру керек. Егер ауытқушылық симптомдарын байқасаңыз, дереу педиатрға көрсетіңіз.
Балаңыздағы сөйлеу тілінің кешікпеуін бақылаңыз. Ұсақ-қол моторикасы мен артикуляциялық жаттығуларды тек ерекше балаларға ғана емес, сау балаларға да үйретіп, оң жақ және сол жақ ми жартышарының дамуына көңіл бөліңіз.
«Мен айтқан кеңестер аутизмнің алдын алу мен ең жеңіл түрі болғанда бірден коррекциялық жұмыстың тиімді болуына бағытталған маманнан кеңес деп біліңіздер. Алайда аутизмнің ең ауыр түрі – каннер жағдайында да баланы «өз әлемінен» шығарып, қоғамдық ортаға бейімдеуге болады. Айтарым, қай кезде де ата-аналардың ерік-жігері мықты болып, ешқашан сынбауы керек. Себебі ерекше бала денсаулығының жақсаруы – тікелей әке-шешесіне байланысты. Сондықтан маман ретінде айтарым, балаңыздағы қандай да бір ауытқушылыққа невропотолог, педиатр, педагог пен логопедті кінәлап, нашар маман деп емес, алдымен, балаңызды өзіңіз зерттеп, қажетті ем-домды, түзету жұмыстарын алу үшін уақытты өткізіп алмасаңыздар екен деймін».