Үкімет резервінен Маңғыстау облысын сумен қамтамасыз ету үшін 5 млрд теңгеден астам қаржы бөлінеді

Qaz365.kz редакциясы

ҚР Премьер-Министрі Ә. Смайылов тиісті қаулыға қол қойды

qmonitor.kz

ҚР Үкіметі Маңғыстау облысының тұрғындарын тұщы сумен қамтамасыз ету мәселесін шешу үшін шаралар қабылдауда, деп хабарлайды Qaz365.kz.

Үкімет резервінен Ақтау қаласындағы «Каспий» су тұщыту зауытын кеңейту» жобасын аяқтауға 5,08 млрд теңге қаражат бөлінді. ҚР Премьер-Министрі Ә. Смайылов тиісті қаулыға қол қойды.

«Каспий» су тұщыту зауытын кеңейту мәселесі – Мемлекет басшысының ерекше бақылауында. Жоба 2021 жылғы 22 қыркүйекте ҚР Президентінің қатысуымен өткен «Маңғыстау облысының әлеуметтік-экономикалық дамуы туралы» кеңестің хаттамасын орындау аясында іске асырылып жатыр.

Есепке сәйкес жобаны аяқтау зауытқа ауыз су өндіру көлемін тәулігіне 40 мың м3 дейін ұлғайтуға мүмкіндік береді. Кәсіпорынның бұрынғы өнімділігі бұдан екі есе аз болған.

Осы жылдың 5 шілдесінде Маңғыстау облысына жұмыс сапары барысында Премьер-Министр Ә. Смайылов жобаның іске асырылу барысымен танысты. Үкімет басшысы Маңғыстау облысының Мұнайлы, Түпқараған және Қарақия аудандарының 180 мың тұрғыны үшін зауытты іске қосудың маңызы зор екенін атап өтті.

Облыс әкімдігінің ақпараты бойынша бүгінде құрылыс-монтаждау жұмыстары 80%-ға орындалды.