Барлық компания бір мезгілде оларға қызмет көрсетуден бас тартуы мүмкін
ҚР ІІМ Әкімшілік полиция комитетінің ерекше тапсырмалар жөніндегі аға инспекторы Ақтоты Боранова самокат қозғалысын реттеу үшін қандай ұсыныстар қаралып жатқанын айтты, деп хабарлайды Qaz365.kz тілшісі ҚазАқпаратқа сілтеме жасап.
“Самокаттарды жалға беретін кикшерингтік компаниялар жалпы «жосықсыз клиенттер тізімін» құруды ұсынып отыр. Жол қозғалысы ережелерін, жолаушылар мен жүктерді тасымалдау ережелерін бұзатын, скутерді дұрыс емес жерде қалдыратын пайдаланушыларға барлық компания бір мезгілде қызмет көрсетуден бас тартуы мүмкін. Сондай-ақ, полиция патрулі үшін электр скутерлерін пайдалану ұсынылды”, – деді А. Боранова ҚР ІІМ апталық брифингінде.
Спикердің айтуынша, скутер пайдаланушылары үшін арнайы мобильді қосымша арқылы хабарламалар жіберу қарастырылып жатыр. Бұл ретте скутер арнайы бөлінген орындарға қойылмаса, сапар аяқталмайды (ақы алу жалғасады).
“Жарықсыз учаскелерде, қала сыртындағы трассаларда және кәмелетке толмағандарға электр скутерлерін пайдалануға тыйым салу ұсынылды. Балалардың электр скутерлерін пайдалануын болдырмау үшін салмақ категориялары бойынша тыйым салу енгізіледі. Мысалы, 30 келіден асатын қолданушыларға ғана рұқсат беріледі”, – деді Ақтоты Боранова.