«Бір айда 85 мың теңгеге кімдер өмір сүре алады?»: вице-министр жауап берді

Qaz365.kz редакциясы

Жақында Еңбек және халықты әлеуметтік қорғау вице-министрі Олжас Ордабаев кітапханашылар алатын 85 мың теңге жалақыға өмір сүруге болатынын айтқан еді

Сурет: primeminister.kz

Жақында Еңбек және халықты әлеуметтік қорғау вице-министрі Олжас Ордабаев кітапханашылар алатын 85 мың теңге жалақыға өмір сүруге болатынын айтқан еді. Оның әріптесі тағы бір вице-министр Назгүл Сағындықова болса, бұл жалақыны біліктілігі төмен мамандар алады деп отыр, деп хабарлайды Qaz365.kz.  

«Менің ойымша, 85 мың теңге адамның сапалы өмір сүруі үшін жеткіліксіз. Сондықтан үкімет мемлекет басшысының тапсырмасы бойынша халықтың табысын арттыру бағытында тұрақты жұмыстар жүргізіп келеді. Бірінші кезекте бюджет саласы қызметкерлерінің, оның ішінде дәрігерлер мен мұғалімдердің жалақысын арттыруға баса назар аударылып отыр», - дейді Назгүл Сағындықова.

Алайда ол «Қазақстанда бір айда 85 мың теңгеге өмір сүруге бола ма?» деп сауалға тікелей жауап бере алмады. 

«Әрине, бізде осындай көлемде жалақы алатын адамдар бар екені рас. Бірақ бұл, ең алдымен, біліктілігі жоқ қызметкерлер мен жұмысшылар екенін естен шығармайық. Жұмысшының біліктілігі жоғары болған сайын жалақы көлемі де артады», - дейді вице-министр.

Естеріңізде болса, еңбек және әлеуметтік қорғау вице-министрі Олжас Ордабаев кітапхана қызметкерлерімен кездесу барысында 85 мың теңге адамның өмір сүруіне жетеді деген болатын.

Осыдан кейін елде петиция жинау басталды. Бастамашы топ әкімдердің, министрлердің, депутаттар мен өзге де шенеуніктердің айлығын 85 мың теңгеге дейін төмендетуді ұсынып отыр.