Күмәнді адамдар Whatsapp арқылы жұмыс ұсынады
Елде алаяқтықтың жаңа түрі пайда болды. Олар қазақстандықтарды әлеуметтік желідегі мессенджерлер арқылы алдайтын болған, деп хабарлайды Qaz365.kz.
Күмәнді адамдар Whatsapp арқылы жұмыс ұсынады. Келісіп жатсаңыз Telegram-аккаунтқа сілтеме жіберіп, менеджер жұмыс барысын түсіндіреді. Ол қонақүйлерге «баға беруді» яғни лайк басуды және скриншоттар арқылы растауды сұрайды. Күніне 10000-68000 арасында ақша табуға болатынын айтады.
Сондай-ақ тапсырмалар арнайы топтарда берілуі мүмкін.
Алдымен қонақүйлердің рейтингін онлайн көтеру керек. Содан кейін тапсырмалар қиындай түседі. Қонақүйлерді брондау, соның арқасында комиссиялар болады. Көбірек бронь жасалған сайын ақшаны да көбірек табасың. Алайда броньдар Booking сияқты танымал платформаларда емес, біреудің картасына аударылуы тиіс.
«Мен қазір картамнан аудара алмайтынымды, бірақ ақша бар екенін, картамды бұғаттан шешу үшін 40 мыңдай ақша бере тұруларын сұрадым. Сосын шешілген бойда қайтаратынымды айтып, алаяқтардың өзін сан соқтырғым келген. Бірақ бұл жоспарым орындалмады. Қызықтың бәрі ортақ чатта басталды. Өздерінің адамдары ақша аудардық деп скриндарын жібере бастады. Біреуінде Мәскеу сағаты деп Қазақстан уақыты көрсетілген. Ал екіншісі комиссиясыз Halyk bank-тан басқа банкке ақша аударады. Ал транзакция нөмірі 10 емес, 11 таңбалы. Өзгертілген уақыт Photoshop емес, смартфон редакторы арқылы жасалған. Соларды айтып едім, топтан бірден шығарып жіберді. Жалпы айтқанда соңғы кезде біраз тоқырауға кеткен алаяқтық жүйелері жаңаша келбет ала бастапты», - дейді блогер Аршат Ораз.
Оқырмандарымыз бен отандастарымызды осындай күмәнді табыс ұсыныстарынан бас тартуға шақырамыз. Сонымен қатар өз туыстарыңызға мұндай алаяқтық схемалары туралы ескертуді айта жүріңіздер.