«Халық теміржолды жабамыз деп отыр»: Ринат Зайытов өңірде не көргенін айтып берді

Qaz365.kz редакциясы

Ол кей жерде халықтың сабыры таусылып, кімге жүгінерін білмей отырғанын айтады

Telegram / Mazhilis_kz

Парламент Мәжілісінің бүгінгі отырысында депутат Ринат Зайытов Абай облысын аралаған кезде көрген-білген мәселесін жайып салды. Ол кей жерде халықтың сабыры таусылып, кімге жүгінерін білмей отырғанын айтады, деп хабарлайды Qaz365.kz

«Кезінде Мөңке би «айнымалы биің болады, құрамалы үйің болады, халыққа ешбір пайдасы жоқ, күніне бір жиын болады» деп айтты ғой. Біз қазір мына жерде өңірлерден алып келген ойларымызды айта алмасақ, анау жақта халық зар жылап отыр. 12 мың адам Семейде – Бобровка, Мұрат деген саяжайларда. Екі-ақ Кругличенко, Руйков дегендер заңсыз қоғамдық бірлестікке айналдырып алған, күнде қанап отыр. Міне, Нұртай Салихұлы екеуміз күнде халықпен кездесуге барып тұрған күні бізге шағымданған 10 үйдің жарығын қиып тастаған. Қорлап отыр кәдімгідей құл құсатып. Осындай мәселелер бар», - дейді Ринат Зайытов.

Депутаттың сөзінше, Ақтоғай, Қопа деген ауылдарда не су жоқ, не жарық, не жоқ жоқ.


«Ол жақтағы адамдар да «ертең біз теміржолды жабамыз, басқа не істейміз, бізді естіп жатқан ешкім жоқ» дейді. Сондықтан, біз олардың үні естігенін, осы жерде талқыланып жатқанын айтқанымыз дұрыс деп ойлаймын», - дейді депутат.


Ринат Зайытов сонымен қатар әріптесі Еділ Жаңбыршиннің мемлекеттік сатып алу мәселесін қолдап, оның расында да көп жерде бөгет болып жатқанын жеткізді. МӘМС – міндетті әлеуметтік медициналық сақтандыру салдарынан адам өліп жатқанын айтты.


«Сақтандыруың жоқ деп ауылдарда дәрігерлер емдемейді. Осыны жүйелегенше, дайындап қалпына келтіріп алғанша тоқтата тұруды сұраймын. Өйткені мұның халыққа қатты зардабы тиіп жатыр», - дейді Зайытов.