Ринат Зайытов күзгі саяси науқандағы жоспарымен бөлісті
Мәжіліс депутаты Ринат Зайытов жазғы каникул кезінде Абай облысының тұрғындарымен кездескен. Qaz365.kz тілшісіне берген сұхбатында депутат өңірден көрген-білгенін айтып, күзгі саяси науқандағы жоспарын бөлісті.
«Жақында Мәжілістегі Amanat партиясының фракциясында отырысында Абай облысындағы жағдай туралы айттым. Өйткені каникул кезінде халықпен кездесіп келдім. Мәселе көп. Біріншіден, жолдың жағдайы. Айналма жолдардың өзін дұрыс салмаған. Адамдар соған наразы. Екіншіден, Абай облысының тұрғындарының полигон аймағы ретінде алатын өтемақысының аздығы. Тіпті, 3 мың теңгеге де толмайды екен. Сосын ауыз суға қол жеткізе алмай, зар қақсап отырған адам көп. Бұл тек ауылдарда ғана емес, Семейдің өзінде де кездеседі. Маған бір кісі қалада «аталарыңның басына фонтан саласыңдар ма, ішетін су жоқ қой» деп айтты. Семейдің өзіңде сапалы ауыз судың жоқтығынан созылмалы аурулар көбейген. Қаланың іргесіндегі Водный, Шығыс ауылдары тіпті зар қақсап отыр», - дейді Ринат Зайытов.
Айта кетейік, Абай облысының әкімі Нұрлан Ұранхаев маусым айының соңында депутат айтқан Водный және Шығыс кентінің тұрғындарымен кездескені бар.
«Су құбырына келетін болсақ, республикалық бюджеттен қаржы бөлінді. Жобаның жалпы құны шамамен 3 млрд теңге. Жұмыстар биыл басталып, келесі жылы аяқталады деп жсопарланған. Осы жылы бұл екі жобаға қатысты жұмыстар басталады, сіздер алаңдамаңыздар», - деп кеткен болатын Ұранхаев.
Әкім айтқан ауданда Ринат Зайытов та болыпты. Ол үшіншіден аталған кентте жарық мәселесі де бар деп отыр. Көптеген ауылдарда жарық жоқ дейді депутат.
«Кейбір ауылдарда жарықты 8 сағат береді. Мысалы, Аягөз ауданына қарасты Ақтоғай, Қопа ауылдарында жағдай солай. Іргесінде «Қазақмыс» тұр. Бірақ жарықсыз. Осы жөнінде облыс басшысы Нұрлан Ұранхаевпен кездесуде сөйлестім. Ол кісі трансформатор анау-мынау жоқ болуы қол байлау екенін айтты. Мұның бәрі мемлекеттік сатып алу туралы заңға келіп тіреледі. Өйткені осы заң кедергі келтіреді. Ауруханаға бірдеңе сатып алудың өзі кейде үш жылға дейін созылып кетеді. Кейде соның өзі орындалмай қалады. Алаяқ компаниялар өтірік ұтып алады. Оларға бар қолданатын шарамыз – қара тізімге кіргізіп қою. Алаяқтарға бұл жаза емес. Бір емес 20 компаниясы бар. Әрқайсысымен бір қатысып тендер ұтып жүре береді», - дейді депутат.
Абай облысында биыл орман өртеніп, 60 мың гектар жер отқа оранғанын жұрт жақсы біледі. Депутат өрт сөндірушілердің жағдайы кісі жылайтындай деп баға береді.
«Оны ретке келтіруге мемлекеттік сатып алу туралы заң кедергі келтіріп жатса таң қалмаймын. Жазғы каникулда олармен кездестім. Айлығымыз аз, қолымызда дым құрал-жабдық жоқ деп айтады. Ереже бойынша дрондар болуы тиіс екен. Амал жоқ, өрттің ауқымын көру үшін ішіне кіреді. Содан адам шығыны болады. Қолдарында дрон жүрсе адам өлімінің алдын алуға болады екен», - дейді мәжілісмен.
Абай облысының құрылғанына бір жылдан асты. Облыс орталығы Семей қаласында құрылыс қайта жандаған.
«Тек әйтеуір халықтың «облыс болдық» деген қуанышы бар. Қалада құрылыс басталып жатыр. Оның сапасы қаншалықты жақсы болатынын құдай біледі. Даниал Ахметов Шығыс Қазақстан облысының әкімі болып тұрғанда басталған Қарағайлы ықшам ауданындағы құрылыстарға қатысты да мәселе туындаған. Екі компания тұрғын үй кешендерін салған. Біреуінің сапасы жақсылау, екіншісі талапқа сай емес», - дейді Ринат Зайытов.
Депутат төртінші мәселе ретінде суармалы жер, бесіншісі – күрделі мәселеге айналған жемқорлықты атады. Бұған облыс әкімі орынбасарының туысының да қатысы бар көрінеді. Ол Нұрлан Ұранхаевқа тез арада шешілуі керек мәселелерді тізбектеп айтқанын жеткізді.
«Жергілікті билік бассыздыққа көп жол беріп отыр. Аудандарда сыбайлас жемқорлық өршіп тұр. Бір мысалды айтайын, Семейдің іргесіндегі алтын қазып жатқан аймақта бір жігіт қайтыс болған. Оның туыстары қолдан ұрып өлтірілгенін дәлелдеген. Сараптама қағазын апарған. Алайда бір жылдан бері ішкі істер департаменті мүлдем іс қозғамайды. Баланың шешесі жылап барса, тергеуші «кім өлтірді?» деп ойлайсың деп өзіне сұрақ қояды екен. Бір жарым жылдан бері іс қозғамаған. Сондай-ақ ауруханалардың қызметіне қатысты шағым көп. Қалада дегендер қоғамдық бірлестік құрып, заңсыз халықты қанап отырғандар бар. Соттың шешімі бар, халық түк істей алмайды. Екеуі облыс әкімінің орынбасарының туысы екен. Әкім Нұрлан Ұранхаевқа бәрін айтып кеттім. Қолға алатын шығар деп үміттенемін», - дейді мәжілісмен.
Айта кетейік, каникалға шыққалы Ринат Зайытовтың жұмысқа белсенді кіріскені байқалады. Отырыстардың бірінде депутат «МӘМС-тің кесірінен бір әйел егіз баласынан айырылып қалғанын» айтып, ол жүйені тоқтатуды талап еткен. Алайда бүгін депутаттың талабына Денсаулық сақтау министрінің орынбасары Тимур Сұлтанғазиев пен Медициналық сақтандыру қоры басшысының орынбасары Ілияс Мұхамеджан жауап беріп, жүйенің тоқтамайтынын, қаражат біршама жинақталғанын алға тартты.
Зайытов сонымен қатар бүгін орыс тілі мен әдебиетінің орнына мектеп бағдарламасына Әлем әдебиетін енгізу бастамасын қолдайтынын айтты. Бұл бастаманы белсенді Тоғжан Қожалы көтерген еді.