Қоғамдық көлікте қарияны қорғаған қызға  Алматы әкімі MacBook сыйлады

Qaz365.kz редакциясы

Қамқорлықтың үлгісін көрсеткен жас қыздың батылдығы жұртты сүйсінтті
 

 

Алматы әкімінің баспасөз қызметі

 

Алматы қаласының әкімі Ерболат Досаев 15 жастағы Жаннұр Нұржанға қоғамдық көлікте қарияға көмек көрсету кезіндегі мейірімділігі мен батылдығы үшін грамота мен естелік сыйлық табыс етті, деп хабарлайды Qaz365.kz.

«Мен сіз түсірген бейнені желіден көрдім және көптеген алматылық сияқты бұл оқиға да мені де бей-жай қалдырмады. Бір жағынан, ол жолаушылардың әрекетіне қынжылдым, ал екінші жағынан, сіздің әрекетіңізге риза болып, өзіңізбен мақтандым», - деді әкім кездесу барысында.

Қамқорлықтың үлгісін көрсеткен жас қыздың батылдығы жұртты сүйсінтті. Алматы қаржы-экономикалық колледжінің 2-курс студенті өзін қолдағандарға алғыс айтып, барлық адамға қамқорлық көрсетуге шақырды.

Естеріңізге сала кетейік, Алматының 119-шы маршрутында қарт адам тосап салынған құмыраны байқаусызда сындырып алды. Кейбір жолаушылар оны айыптай бастағанда, жасөспірім зейнеткерді жақтап, автобустың еденін киімімен сүртті. Бейнеролик әлеуметтік желілерді тарап, Жаннұр Нұржанды қолдаған жүздеген пікір жазылды.