"Кублей ісі": Тараптар келісімге келмей, сот ісі қайта жалғасты

Qaz365.kz редакциясы

Еске салайық, 23 қарашада Орал қаласы мамандандырылған экономикалық соты тараптардың ымыраға келуі үшін өндірістік істі тоқтатқан болатын

фото: orda.kz

22 желтоқсан күні Оралда «Кублей» ЖШС кәсіпорны тарапынан Орал қаласы мамандандырылған экономикалық сотының судьясы Бақтияр Жорабаевтың үстінен түскен шағым бойынша апелляциялық сот алқасының отырысы өтті, деп хабарлайды qaz365.kz

Еске салайық, 23 қарашада Орал қаласы мамандандырылған экономикалық соты тараптардың ымыраға келуі үшін өндірістік істі тоқтатқан болатын. 
"Кублей" ЖШС соңғы сот отырысынан кейін Орал қаласы мамандандырылған экономикалық сотының судьясы Бақтияр Жорабаевтың үстінен шағым түсірген.

Сотқа судья Айгүл Маштақова және «Кублей ісі» бойынша арызданушы мен жауап беруші сондай-ақ, үшінші тарап өкілдері қатысты. 
Алғашқы болып сөз алған «Кублей» ЖШС адвокаты Бақытжан Базарбек Орал қаласы мамандандырылған экономикалық сотының судьясы Бақтияр Жорабаевтың тараптарды ымыраға келуі үшін өндірістік істі тоқтатып тастауын заңсыздық деп атады. Оның сөзінше, Азаматтық іс жүргізу кодексінің талаптары бойынша пікірталастан кейін соттың өндірістік істі тоқтатуға құқығы жоқ. 
«Кублей» тарапының ұстанымын жауап беруші және үшінші тараптар да қолдап, судья Жорабаевтың өндірістік істі тоқтату жөніндегі шешімін жоққа шығарып, сот ісін қайта жалғастырып, сот шешімін шығаруды талап етті. 
Тараптардың пікірімен танысып шығып, судья Айгүл Маштақова өз шешімін жария етті. Оның айтуынша, судья Жорабаевтың әрекетінде заңсыздық деректері жоқ. Мәселені бейбіт жолмен шешуге ынталандыру мақсатында судья өндірістік істі тоқтатуға құқылы. Алайда бұл жағдайда судья өндірістік істі 10 жұмыс күніне ғана тоқтата алады. 


«Бұл мерзім аяқталды. Тараптардың ымыраға келіп, мәселені бейбіт жолмен шешуге қарсы екеніне менің көзім жеткендіктен, сот ісі әрі қарай жалғасатын болады», – деп қорытындылады судья Айгүл Маштақова.