Украинаның оккупацияланған жерлеріне барған «Камызяки» командасы енді Алматыға келеді

Qaz365.kz редакциясы

Бірақ бұған әлеуметтік желіде қарсылық үдеп жатыр

Құрамында этникалық қазақ жігіттері бар Ресейдің «Камызяки» командасы 5 қазанда Алматыда концерт бермекші. Бірақ бұған әлеуметтік желіде қарсылық үдеп жатыр, деп хабарлайды Qaz365.kz.

«Ол Путиннің нағыз жақтаушысына айналған», «Ресейлік оккупанттарды қолдайды, сондықтан біздің елге келуінің қажеті жоқ», «Өткізбесін. Соғысты қолдап отырғандар бізге керегі жоқ», «Керегі шамалы, бұрын соғыс болмағанда келген жоқ еді, енді іздей қалыпты», «Ресей сайқымазақтарының келуіне қарсымын!», «Біздің жерге аяғын баспасын», «Азамат өзгерген, ол Украинадағы соғысты қолдайды сондықтан Қазақстанда Мұсағалиевке орын жоқ!», «Бізге z-артистер керек емес», - деген сарындағы пікірлер жетерлік.

Айта кетейік, бұған дейін «Камызяки» командасының мүшелері Денис Дорохов пен Азамат Мұсағалиев Украинаның оккупацияланған жерлеріне барып концерт берген. Олар осы сапар арқылы Ресей әскерлеріне қолдау білдірді. 
 

«Бұл жер шынымен көңіл елжіретеді. Біз бұл жерлерлердің тарихы туралы көп ақпарат естідік. Шынымды айтсам, оқиғаларды естіген кезде денем түршікті», – дейді әзілкеш Денис Дорохов видеожазбасында.


 «Камызяки»  ұжымының қазан айында Қазақстанның Алматы, Астана, Шымкент қалаларында бірнеше концерті жоспарланған.