Ажалға апарар жол құрылысы қашан бітеді?

Бауыржан Карипов

Қазақстанда жыл басынан бері жол үстінде 1200-ден астам адам қаза тауып, 8500-ге жуық адам жараланған

Qaz365.kz коллажы

Жыл басынан бері еліміз бойынша, жол үстінде 1200-ден астам адам қаза тауып, 8500-ге жуық адам жараланды. Оның 90-ы жолаққа шығып кетуге байланысты, деп хабарлайды Qaz365.kz.

Тамыз айында Қарағанды-Алматы тас жолындағы апат саны республика көлемінде рекордтық көрсеткішке жетті. Мысалы, Қарағанды қаласынан Жамбыл облысының шекарасына дейінгі учаскеде 3 апта ішінде 23 адам қаза тауып, 30 адам жараланды. Оның басым бөлігі 4 жылдан бері салынып келе жатқан Қарағанды-Балқаш тас жолында болған.

«Қарағанды-Балқаш» тас жолының құрылысы 2019 жылы басталған. Бірақ 2020 жылы бітуі тиіс 367 шақырымдық жол әлі жалғасып келеді. «Қарағанды-Балқаш» жолы республикалық маңызы бар Екатеринбург-Алматы тас жолының бір бөлігі. Жауапты тапсырыс беруші - «ҚазАвтоЖол» ұлттық компаниясы. Жол құрылысына жауапты бас мердігер компания - CITIC Construction Co. LTD. 

Жоба  «Инфрақұрылымды дамытудың 2020 - 2025 жылдарға арналған «Нұрлы жол» мемлекеттік бағдарламасы» аясында жүзеге асып жатыр. Бағдарлама бойынша, қаржыландыру көздері: Республикалық бюджеттен - 3 794 631 теңге (68, 2 %), Халықаралық қаржы ұйымдарыдан кредиттер - 522 627 теңге  (13,7 %), жергілікті бюджеттерден - 715 288 теңге  (12,8 %) құрайды. 
 
2018 жылы «ҚазАвтоЖол» ұлттық компаниясы мен Қытайдың «Эксиманкі» арасында жалпы сомасы 727,212 мың долларлық кредит келісіміне қол қойылды. Осы келісімге сәйкес «Қарағанды-Балқаш» автомобиль жолының телімдерін қайта құру жобалары қаржыландырылатын болады. 


2019 жылдың 26 қарашасында «ҚазАвтоЖол» ұлттық компаниясы мен ЕҚДБ арасында 0-67 шақырым «Қапшағай - Күрті» республикалық маңызды автомобиль жолының «Астана-Қарағанды-Балқаш-Алматы» Орталық-Оңтүстік дәлізін қайта құру жобасын қаржыландыруға 34,479,731 сомаға несие келісіміне қол қойылған. 


«Қарағанды-Балқаш» тас жолының әу бастағы жоспары бойынша құрылыс 248 миллиард теңгені құрауы тиіс еді. Бірақ 2021 жылы барлық материалдар орташа есеппен 35-50 пайызға қымбаттауына байланысты, қайта қаржыландыру жоспарланған, әзірге қаржыландыруды ұлғайту қажеттілігін растайтын аудит қана жүргізілген.  


УӘДЕЛЕР
Жыл сайын өз жолдауында Президент логистикалық хабтар мен республикалық маңызды автожолдар туралы айтып келеді. Былтырғы жылы мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев Қарағанды облысына жұмыс сапары кезінде Қарағанды – Балқаш, Балқаш – Бурылбайтал автожолдарында жүріп жатқан жаңғырту жұмыстарын аяқтауды тапсырды.

«Қазір Орталық – Оңтүстік көлік дәлізі салынып жатыр. Балқаш қаласы арқылы өтетін жолдың құрылысы өте баяу жүріп, мерзімі қайта-қайта кейінге қалуда. Үкіметке «Қарағанды – Балқаш» және «Балқаш – Бурылбайтал» тас жолын келесі жылы салып бітіруді тапсырамын», - деген болатын.


Алайда жауапты органдар жаңадан құрылған ҚР Өнеркәсіп және құрылыс министрлігі, Автомобиль жолдары комитеті, «ҚазАвтоЖол» ҰК» АҚ, бас мердігер ұйым - CITIC Construction болсын әр жылы, әртүрлі себептермен тас жолының пайдалануға беретін уақыттарын әртүрлі айтып келеді. 


2022 жылы мына түсірілімде «ҚазАвтоЖол» ҰК «  АҚ Қарағанды облыстық филиалы басшысы Сырым Хамзин, құрылыс 2023 жылдың аяғы бітетіндігін айтады.  Жалпы негізгі келісім-шартта да осы уақыт көрсетілген. 


Биыл сәуір айында Индустрия және инфрақұрылымдық даму вице-министрі Алмаз Ыдырысов Алматы, Жамбыл және Қызылорда облыстарында автожол жобаларының орындалуын тексеру мақсатымен өңірлерге барған жұмыс сапары барысында, мердігер ұйымдармен кеңес өткізіп, жол құрылысын уақтылы аяқтау жөнінде тапсырма берген. 


Мердігер компаниялармен кездесуде А. Ыдырысов 2024 жылы жаңа асфальтбетон жабыны бойынша қозғалыстарды ашуға үлгеру керектегін айтқан. Яғни, трассаны ресми түрде пайдалануға беру 2024 жылдың бірінші жартыжылдығына жоспарланып отыр.


Ал, бас мердігер CITIC CONSTRUCTION өкілі Ю Ли мырза жолды толықтай 2024 жылдың аяғында ғана тапсырамыз деп отыр. 

«Біз Қазақстан үшін осы өте маңызды жолды сапалы және уақтылы салуға бар күшімізді саламыз. Келесі жылдың соңында пайдалануға сәтті тапсырамыз деп ойлаймыз. Міндетті түрде тапсырамыз, бұл біздің жұмысымыздың мақсаты. Әзірге тек асфальттың төменгі қабатымен жабылған екі жолақты жолды басқа өтетін жол болмағандықтан аштық. Бұл жағдай жабынды төсеніштерге зиянын тигізеді, ал ол ақауларды мердігер өз есебінен жоюы керек», - дейді бас мердігер.

CITIC CONSTRUCTION
CITIC - 1979 жылы Жун Ижен құрған, Қытайдағы ең ірі мемлекеттік инвестициялық корпорациялардың бірі.   
Компания құрылған сәттен бастап оның негізгі мақсаты шетелдік капиталды тарту, менеджментті қоса алғанда, бизнесті жүргізудің озық технологиялары мен модельдерін пайдалану. Қазіргі уақытта CITIC Group құрамына 44 еншілес компания кіреді, оның ішінде банк (China CITIC Bank),инвестициялық (CITI Holdings), сенім (CITIC Trust Co.) және сауда (CITIC Merchant Co., Ltd) компаниялары.


CITIC Construction еншілес құрылыс компаниясы 2013 жылдың қорытындысы бойынша орындалған тапсырыстар көлемі бойынша әлемде 46-шы орынға ие болған.
Қазақстандағы CITIC Construction компаниясы жолдарды салуға және жөндеуге маманданған. 
Қытайлық бұл компания ҚР территориясындағы жалпы келісімшарттардан 2022 жылы - 58 122 191 736 теңге, 2021жылы - 119 901 421 105 теңге, 2020 жылы - 81 315 564 157 теңге, 2019 жылы - 202 145 250 052 теңге 2018 жылы  - 209 834 753 842 теңге пайда тапқан.


«Қарағанды-Балқаш» тас жолы құрылысы бойынша, жұмысына салғырт қарап, нәтиже көрсетпегені үшін қазақстандық мердігер ұйым құрылыс консорциумы құрамынан шығарылған.
 Бұл шара біздің топшылауымызша, бас мердігерге қолданған жазалау шараларының бірі ғана, алайда тапсырыс беруші тарап келісім-шартты бұза алмаған. Себебі, бұл жол жобасы қытайлық кредитке салынып жатыр. Яғни, мүдделер қақтығысы бар. 


Ал шындығында жұмысты қазақстандық және түркиялық субмердігер компаниялар жүргізіп жатыр. 
Осы арада бір қызық деректерге назар аударып кетсек, «Қазақстан Халық Банкі» АҚ пен «China CITIC Bank Corporation Limited», «Joint Resources» АҚ атынан Тимур Құлыбаев қазақстандық «Алтын Банк» АҚ-ның (China Citic Bank Corporation Limited, Еншілес банкі) ірі акционерлері болып табылады. Яғни, аталған бизнес пен бизнесмен халықаралық CITIC Group компанияларының бизнес партнері. Қытай атынан келіп жатқан инвестиция мен кредиттер түп негізінде қазақстандық қаржы да болуы мүмкін. 


ҚАЗАВТОЖОЛ
«ҚазАвтоЖол» ҰК» АҚ – жалпы ұзындығы 25 мың шақырымды құрайтын халықаралық және республикалық маңызы бар автомобиль жолдарын басқару жөніндегі Ұлттық оператор. 


ҚР Өнеркәсіп және құрылыс министрлігіне қарасты ұлттық операторға халықаралық және республикалық маңызы бар автомобиль жолдарын салу, қайта жаңарту, жөндеу, күтіп ұстау және автомобиль жолдары бойындағы қызмет көрсету нысандарын дамытуды бақылау функциялары жүктелген. Сонымен қатар, «ҚазАвтоЖол» ақылы жолды ұйымдастырушы компания.
2021 жылы республикалық маңызы бар автомобиль жолдарын қайта жаңарту бойынша пайдалануға берілуі керек 1070 шқ. жолдадырдың тек 187 шқ. ғана пайдалануға берілсе, 2022 жылы жоспарланған 453 шақырым жолдың бір шақырымы да пайдалануға әлі берілмеген. 


Жоғарыда біз айтып жатқан «Қарағанды – Балқаш» және «Балқаш – Бурылбайтал» жолдары осы республикалық маңызы бар жолдарды қайта жаңарту жобалық бағытына жатады. 
 

2022 жылы жалпы құны 310 млрд. теңгеге республикалық маңызы бар автомобиль жолдарын қайта жаңарту жұмыстарын жүргізу керек болған, қазір 2023 жылдың күзі факт бойынша орындалған жұмыстар нөлге тең. 
 

Естеріңізге сала кетейік, Орталық-Оңтүстік дәлізін қайта жаңарту аясында «Қарағанды-Балқаш», «Балқаш-Бурылбайтал»,»Бурылбайтал-Құрты» және «Құрты-Қапшағай» 4 негізгі бөлікті қамтитын жалпы ұзындығы 946 км жолды іске қосу жөніндегі жобалар ішінде, «Қарағанды-Балқаш»  тас жолы 363 шақырымды құрайды. 
«ҚазАвтоЖол» ҰК» соңғы мәліметінше 2023 жылдың шілдесіне сәйкес, мердігер асфальтбетон жабынының төменгі қабатын жалпы көлемнің 83% төсей алғаны және автокөлік қозғалысы үшін 301,6 шақырымға жол ашық делінген.
Біз жол дейтін халыққа немесе жол ашылып жатыр деп мәлімдейтін ресми ақпаратқа, 2024 жылы ғана бітіреміз дейтін мердігерлерге кімге сенетінімізді білмейміз. 
Бірақ, бір білетініміз 2039 жылға дейін бұл жолдар үшін шет елдік кредиторларға халық болып, үкімет болып қарыздар екендігіміз. 
 

Ал осы қарыздарды біздің шенеуіктер ұрлап та үлгеріп жатыр. Мәселен 2023 жылдың 29 маусымда Ұлттық қауіпсіздік комитеті көлік прокуратурасымен бірге «ҚазАвтоЖол» ҰК» АҚ Павлодарлық филиалының басшылығы мен қызметкерлерінің жемқорлық іс-әрекетінің жолын кескен. 


Жауапты қызметкерлер аймақтағы кәсіпкерден аса ірі көлемде қаржы бопсалады деген күдікпен қамауға алынған.
Мұны қаржы ғана емес, осы жолдардың үстінде қаза болып жатқан адамдардың өмірлерін де ұрлау деп бағалаймыз. 
Кеше ғана жаңадан құрылған осы жолдарға жауапты Қазақстан Республикасы Өнеркәсіп және құрылыс министрі Қанат Шарлапаев мырза бір шешімін таппаса, бұл жолдарда әлі де талай қазақстандық опат болары сөзсіз.