Ғибрат Ауғанов қордың 8 айдағы жұмыстарының қорытындысы туралы баяндама жасады
Еліміздегі бірден бір ұлттық әл-ауқат қоры – «Самұрық-Қазына» кадр саясатында қандай өзгерістер енгізіп жатыр? Әлеуметтік және қайырымдылық жобалары бойынша нақты қандай жұмыстарды атқаруда? Әлеуметтік тұрақтылықты бақылау орталығын ашқан кезде Қор қандай мақсатты көздейді? Осы және өзге де сұрақтарға бүгінгі брифингте «Самұрық-Қазына» Қорының Корпоративтік басқару, әлеуметтік-еңбек мәселелері және еңбекті қорғау жөніндегі басқарушы директоры Ғибрат Ауғанов жауап берді, деп хабарлайды Qaz365.kz.
Үміткерлер полиграф арқылы тексеріліп жатыр
Ғибрат Ауғанов қордың 8 айдағы жұмыстарының қорытындысы туралы баяндама жасады. Атап айтқанда, кадр саясаты, әлеуметтік және қайырымдылық жобалары, одан бөлек әлеуметтік тұрақтылықты бақылау орталығы туралы сөз сөйледі.
QSamruk.kz рекрутингтік платформасына қызығушылық арта бастаған.
«Бүгінгі таңда платформаға тіркелген компаниялардың саны 500-ден асып кетті. Олар Қордың портфельдік компаниялары мен еншілес тәуелді ұйымдары ғана емес. QSamruk.kz бастапқы жоспар шеңберінен әлдеқашан шықты», - деді Ауғанов.
Осы жылдың 8 айында онлайн-платформада 13 631 бос жұмыс орны жарияланған. Оларға 127 435 адам өтініш берген. Бұл орайда үміткерлерді полиграфта тексеру тәжірибесі жалғасуда. Кей салалар бойынша жұмыс іздеушілер мұндай тексерістен міндетті түрде өтеді. Бұл қызметті «Самұрық-Қазына» АҚ-ның 60 компаниясы мен филиалдары қолданады. Осылайша, жыл басынан бері 99 үміткердің 64-і сыбайлас жемқорлыққа бейімділік тұрғысынан тексеруден өтпей қалған.
Бұдан бөлек, Қорда жастар саясаты мен гендерлік теңдікке арналған бағдарламалар іске асырылып жатыр. Директорлар кеңестерінде, портфельдік компаниялардың Қадағалаушы кеңестеріндегі әйелдердің санын арттыру бойынша жұмыстар жалғасуда. Қор "Самұрық-Қазына" тобына кірмейтін компанияларға тәуелсіз директорлар ретінде тарту үшін көшбасшы әйелдердің пулын құрды.
Сондай-ақ жас мамандарға арналған «Жеті қадам» бағдарламасы жүзеге асырылып, оны 49 маман тәмамдады. Олар бір жыл бойы Президенттік жастар кадрлық резервінің тәлімгерлерімен топтарға бөлініп жұмыс істеген. «Осы топтардың әрқайсысы өткен айда өз жобаларын қорғады. Үздік деп танылған
«Кәсіпорындарда көмірсутек ізін азайту жобасы» портфельдік компаниялардың бірінде жүзеге асырылады», - деді Ауғанов. Бүгінгі таңда «Самұрық-Қазына компаниялар тобында ПЖКР-нің 36 мүшесі қызмет етеді. Олардың екеуі “Самұрық-Қазына» Қорында басқарушы директор қызметін атқарады. Соның бірі – Ғибрат Ауғанов.
Биыл қайырымдылыққа 10 млрд теңге бөлінді
Баспасөз мәслихаты барысында Ғибрат Ауғанов қордың қайырымдылық және әлеуметтік жобалары және «Қазақстан халқына» қорымен ынтымақтастық туралы айтты. Биыл сегіз айда Қамқоршылық кеңестің шешімімен 4 млрд 766 млн теңгеге 33 жоба мақұлданған. Осылайша, қайырымдылық жобалары 454 мыңнан астам қазақстандықты қамтыды.
«Samruk-Kazyna Trust» корпоративтік қоры арқылы биыл қайырымдылыққа бөлінген қаражат - 10 млрд теңге. «Қазақстан халқына» қорымен бірге аутизм және басқа да психикалық ауытқулары бар балаларға арналған орталықтар, сондай-ақ ерте араласу орталықтары ашылуда. Брифинг барысында жалпы саны жиырмадан асатын осы орталықтардың қай өңірлерде ашылып жатқандығы және дайындық деңгейі көрсетілді.
Сонымен қатар, Қор және оның портфельдік компанияларында мүгедектігі бар қызметкерлердің өмірін жақсарту бойынша шаралар қабылдануда. Бүгінгі таңда компаниялар тобында мұндай 2582 адам жұмыс істейді.
«Ерекше қажеттіліктері бар қызметкерлер үшін қысқартылған жұмыс күні қарастырылған. Оларға арнайы жеңілдіктер беріледі, тіпті жеке автокөлікті сатып алуға мүмкіндік беретін бағдарламалар бар. Жалпы, компаниялар тобында мүгедектігі бар адамдар үшін жұмысқа орналасудың және мансаптық өсудің тамаша кейстері бар» - деді Ауғанов.
Ереуілдер саны биыл 5,5 есе азайған
Сондай-ақ, Ғибрат Ауғанов Әлеуметтік тұрақтылықты бақылау орталығының жұмысымен таныстырды. Онда 24/7 режимінде 5 байланыс арнасы арқылы әлеуметтік шиеленіс пен жұмыстағы қақтығыстардың туындау алғышарттары немесе фактілері туралы деректерді жедел жинау және талдау жүргізіледі. 2023 жылдың 8 айында «Нысана» байланыс орталығына 14 мыңнан астам анонимді хабарлама келіп түскен.
«Біздің жүйеміздің басқалардан артықшылығы - дәл осы анонимділігі, байланыс арналарының көптігі, операторлардың 24/7 байланыста болуы және әр өтініштің міндетті түрде қаралуында. Деректерді жинау, талдау және бақылау, тараптармен жұмыс және портфельдік компаниялар мен Қордың омбудсмендері мен медиаторларын тартудың арқасында даулы жағдайлардың шиеленісуіне жол берілмеді», – деді Ауғанов.
Ғибрат Ауғанов осындай кешенді жұмыстардың арқасында кәсіпорындардағы ереуілдер саны биыл 5,5 есе азайғанын ерекше атап өтті.