Қазақстанда отбасылық жанжалды кім шығарады - ІІМ нақтылады

Qaz365.kz редакциясы

Ішкі істер вице-министрі Игорь Лепеха жазаны қатаңдату тұрмыстық зорлық-зомбылықты азайтпайтынын айтады

көрнекі сурет

Мәжілістің заңнама және сот-құқықтық реформа комитеті отырысында тұрмыстық зорлық-зомбылық мәселесі талқыланды. Ішкі істер вице-министрі Игорь Лепеха жазаны қатаңдату тұрмыстық зорлық-зомбылықты азайтпайтынын айтады, деп хабарлайды Qaz365.kz.

Оның айтуынша, Қазақстандағы отбасылық ұрыс-керістердің басым бөлігі тұрақты жұмысы мен білімі жоқ ер адамдарға байланысты. 

«Отбасылық жанжал шығарушының портреті туралы айтатын болсақ, бұл көп жағдайда ер адам (80%) екенін атап өткен жөн. Көбінесе 30-50 жас аралығындағы (52%) тұрақты жұмыс орны (74%) мен кәсіптік немесе жоғары білімі (90%) жоқ ер азаматтар болып отыр, - деді Лепеха.

Оның айтуынша, бұдан зардап шеккендер негізінен әйелдер (78%).

«Негізінен олар «агрессорға» қаржылық және психологиялық тұрғыдан тәуелді болады. Олар жылдар бойы қорлық пен қорлауды бастан кешіріп жүре береді. Балалар да зардап шегеді. Сөйтіп, қатыгез көріністерге куә болады. ДДҰ бағалауы бойынша, отбасындағы зорлық-зомбылық жасөспірімдердің психикасына, рухани және эмоционалдық дамуына зиянды әсер етеді. Сосын көргендерін басқаларға істейді», - деді ішкі істер министрінің орынбасары.

Оның айтуынша, ғалымдар отбасындағы зорлық-зомбылықтың шынайы себептері мынада екенін әлдеқашан дәлелдеген:

- әлеуметтік тәртіпсіздік және қиын өмірлік жағдай;

- моральдық принциптердің құлдырауы;

- қоғамның бір бөлігінің маргиналдануы;

- алкоголизм, нашақорлық және құмар ойындарға тәуелділік.

«Бұл ретте мемлекеттік органдардың рөлі бұлыңғыр. Нәтижесінде полиция бәріне жауапты. Қоғамда да осындай пікір қалыптасты. Сонымен қатар мұндай фактілерге басқалардың (ата-ананың, жұмыстағы әріптестерінің, достарының, көршілерінің) енжар ​​қатынасы құқық бұзушының санасын қалыптастырады», - деп түсіндірді Лепеха.

Ал депутат Жарқынбек Амантай ер азаматтарды кінәлай беру де дұрыс емес деп санайды.

«Жайшылықта гендерлік тендік деп қоймайсыздар. Ал осыған келгенде үндемей қаласыздар. Қазақстанның жкрі үлкен, әр өңірдің менталитеті де басқа. Осы өңірлердің жастары бір-бірімен отбасы құрады. Ыдыс-аяқ сылдырламай тұрмайды. Әр ыдыс-аяқ сынған сайын күйеуін апарып қамап тастайтын болсақ, көпшілігі қайтадан отбасы бола алмай, қосылмай кетеді»,- дейді депутат.

Ол әйелі 15 күнге қаматып тастаса, ерегісіп күйеуі қайтып бармай қояды деп санайды. 

«Әйел адамда да мойнына жауапкершілік қойылуы керек. Ер азаматты 15 күнге оқшаулап жабу керек пе,  кінәлі деп табылса, сонымен бірге әйелін де жеке жабу қажет деп ойлаймын. Өйткені отбасына түскен жауапкершілікті теңдей бөлсе, отбасын шайтқалтқан да жауапкершілік те бірдей болуы керек», - дейді Жарқынбек Амантай.

Депутат Снежанна Имашева әлемдегі шамамен әрбір үшінші әйел өз өмірінде зорлық-зомбылыққа тап болады, қиянатқа ұшырайды деп санайды. 

«Зорлық-зомбылықты көбінесе ер адамдар әйелдерге қатысты жасайды. Тұрмыстық зорлық-зомбылық балалардың психикасына, рухани және эмоциялық дамуына зиянды әсер етеді. Дүние жүзінде әйелдерді өлтіру оқиғаларының 38%-ын олардың жұбайлары немесе серіктестері жасайды. Оның үстіне, әр ел тұрмыстық зорлық-зомбылық мәселесін әртүрлі шешіп келеді, бір ел үшін сәтті болған әдістер екінші ел үшін қолайлы бола бермейді», - дейді депутат.