Аида Балаева: Журналистердің жұмысына ешкімнің кедергі келтіруге құқығы жоқ

Qaz365.kz редакциясы

Аида Балаеваға бұл сұрақ күні кеше ҚазҰУ ректоры Жансейіт Түймебаевтың Азаттық тілшісінің  микрофонына жармасқанына байланысты қойылды

Фото: express-k

Журналистердің жұмысына кедергі келтіретіндерге жауапкершілік заңда көрсетілген. Мәдениет және ақпарат министрі Аида Балаева Орталық коммуникациялар алаңында өткен баспасөз мәслихатында осылай айтты, деп хабарлайды Qaz365.kz

 

«Журналистердің жұмысына жалпы кедергі келтіруге ешкімнің құқығы жоқ. Ол заңда көрсетілген. Заңды тұрғыда оның өзінің жауапкершілігі бар. Өз тарапымыздан осы салада түсіндіру жұмыстарын көрсететін боламыз. Өйткені шынымен, видеоны көрген жоқпын. Қарап көрейін. Біреудің тартып, алып бара жатқан видеосын көрген жоқпын. Жалпы журналистердің жұмысы – заңды тұрғыда анықталған дүние ғой», - дейді Аида Балаева.


Аида Балаеваға бұл сұрақ күні кеше ҚазҰУ ректоры Жансейіт Түймебаевтың Азаттық тілшісінің  микрофонына жармасқанына байланысты қойылды. Жалпы елде журналистің жұмысына кедергі келтіру, сол арқылы ақпарат алуға жол бермеу, журналистерге қарсы ашық арандатушылық жайттар жиі кездеседі. Мәселен, былтырдан бері журналистер Вадим Борейконың үйінің есігін белгісіз біреулер өртемек болған. Динара Егеубаеваның көлігін өртеп, ұлына қоқан лоқы жасаған. Журналист Данияр Молдабековты үйіне кіре берісте біреулер ұрып кеткен. Самал Ибраеваның балаларының суретін мал етімен қорапқа салып, редакцияға әкеліп тастаған. АрселорМиттал Теміртаудағы апатты түсірмек болған журналист Диана Сапарқызына сол жердегі күзетшінің бірі тап берген. Таяуда тағы бір тілші Сәния Тойкенді елордада «Иннопром» көрмесі алдында полиция қызметкерлері бөлімшеге алып кеткен.