«Киелі адам»: Міржақыптың жақ сүйегі туған топырағына әкелген кезде ғана ажырады

Qaz365.kz редакциясы
Ашық дереккөзден

Міржақыптың жақ сүйегі туған топырағына әкелген кезде ғана ажырады. Бұл туралы режиссер Қалила Омаров Алаш арысының денесін Ресейден әкелген кездегі бір оқиғаны деректі фильмінде баян етеді, деп хабарлайды Qaz365.kz

«Қазақта «жағың ажырамай, жамандық көрме» деген сөз бар. Мен бұл сөзді түсінбейтін едім. 56 жылдан кейін Міржақыптың денесін қазып алған кезде бас сүйегін қарасақ, шашы қап-қара, тіп-тік. Бас сүйекті мақтаға салып, аппақ киізбен әкеліп, қойған кезде жағы ажырады. Сонда қараңыз: Міржақыптың өзі киелі адам ғой. Анау бөтен елде қанша жыл жатып, туған жеріне келіп, кіндік қаны тамған жеріне жеткізілген кезде жағы ажырады ғой. Міне, сөйтіп, Міржақыпты жерледік. Әрине Гүлнар апай өте толқулы болды», - дейді ол.


Халықтың Алаш арысы Міржақып Дулатұлының тұлғасын танып білуге деген құштарлық «Міржақып. Оян, Қазақ» фильмінен кейін арта түсті. Фильмнің сериал нұсқасы былтыр шыққан. Екі жарым сағаттық фильм нұсқасы кинотеатрларға шығып, екі аптадан кейін тоқтатылған еді. Оның себебі Qazaqstan ұлттық арнасының фильмді кинотеатрлардан қайтарып алуынан болғаны белгілі болды. Халықтың сұрауынан кейін фильмнің прокаты тағы бір аптаға созылды.