Ол қай дін болмасын бір-біріне сыйластықты, құрмет көрсетуді дәріптейді деп отыр
Бүгін Үкімет отырысынан кейін баспасөз мәжілісінде Мәдениет және ақпарат министрі Аида Балаева елдегі діни дау-дамайды кім ұйымдастырып отыр деген сұраққа жауап берді, деп хабарлайды Qaz365.kz.
«Бұл сұрақ қазіргі заманның ерекшелігіне байланысты. Өйткені әлеуметтік желілерде осыған қатысты пікірлер жазылып жатыр. Ата Заңда сөз бостандығы, ой бостандығына мүмкіндік берілген. Сондықтан адамдардың бұл өз пікірі. Ал біреу ұйымдастырғанын байқамадым. Менің құзіретімдегі жұмыс емес. Мемлекет тарапынан мүлдем ондай жұмыс қолға алынған емес. Біз елдің тұрақтылығын сақтауға мүдделіміз. Кейде біреудің айтқан ойын толық түсінбей, сараламай, өзімізше пікір білдіріп жатамыз. Ол дұрыс емес. Дін мәселесі – өте нәзік тақырып», - дейді Аида Балаева.
Ол қай дін болмасын бір-біріне сыйластықты, құрмет көрсетуді дәріптейді деп отыр.
«Өкінішке қарай, соңғы кездері елімізде дін мәселесі агрессиялық тұрғыда талқыланып кетті. Бұл ретте БАҚ өкілдерінің үлесі зор. Сондықтан сіздерді қоғамның сауаттылығын арттыруға шақырамын. Мұның бәрі діни сауатсыздықтан болып жатыр», – дейді министр.