Бұған дейін мердігер компания Алматы-Қорғас тасжолындағы пенопласты алып, олқылықты көрсеткен журналист Диас Нұрақынның үстінен арыз түсірген еді
«ҚазАвтоЖол» ҰК» АҚ басқарма төрағасы Мейірхат Қасымбаев қызметінен кетті. Бұған дейін мердігер компания Алматы – Қорғас тасжолындағы пенопласты алып, олқылықты көрсеткен журналист Диас Нұрақынның үстінен арыз түсірген еді, деп хабарлайды Qaz365.kz.
«Қоғамдық резонанс тудырған сол видео Президент әкімшілігіне дейін жетіпті деген әңгіме естігем. Не де болса жол саласында жұмыс істейтіндер бүгінгі жаңалыққа қуанып отыр. Біраз былықты аштың, ары қарай да тоқтама деп, табаныма шоқ тастап қойды. Жол саласындағы біраз заңсыздықтарды зерттеп жатырмын. Әзірге жартылай жеңіс біз жақта», – деп жазды Диас Нұрақын.
Ал Мейірхат Қасымбаев өз шешімімен қызметтен кеттім деп отыр.
«Құрметті достар, қадірлі әріптестер! Бүгін жеке шешіміме сәйкес «ҚазАвтоЖол» ҰК» АҚ басқарма төрағасы қызметін аяқтадым. Екі жылға жуық уақыт ішінде әріптестеріммен бірлесе құрылысы ұзаққа созылған жолдарды қолға алып, жобаларды аяқтау үшін аянбай еңбек еттік. Үлкен жұмыс атқарылды. Бүгінгі таңда республикалық автожолдар желісінде жұмысы тоқтап тұрған бірде-бір жол жобасы жоқ деп сеніммен айта аламын. Соңғы екі жыл ішінде 7 миллион тонна асфальт төселді. Бұл дегеніміз шамамен 2,5 мың шақырым жол жаңа асфальтпен қамтылды деген сөз», – дейді Мейірхат Қасымбаев.
Ол ел аузында жүрген Атырау – Астрахан, Қазталов – Жәнібек – РФ шекарасы, Өнеге – Бисен – Сайхын күре жолдарында жұмыстар қайта басталғанын хабарлады.
«Бұл жолдардың құрылысы аяқталуға жақын. Ақтөбе – Қандыағаш, Үшарал – Достық, Талдықорған – Қалбатау – Өскемен, Қарағанды – Балқаш, Күрті – Бұрылбайтал, Меркі – Бұрылбайтал және т. б. бағыттарда асфальт төселіп, жол қозғалысы ашылды. Мемлекет басшысының тапсырмасына сәйкес бірыңғай автожол компаниясын құру аясында жұмыс жүргіздік. Жыл сайын материалдық-техникалық база мен арнайы жол техника паркі жаңартылып отырды. Арнайы техника санын 400 бірлікке арттырдық. Бұл жолдарды күтіп-ұстау жұмыстарының сапасын едәуір жақсартуға мүмкіндік береді», – дейді экс-басшы.
Ол автожол саласы Мемлекет басшысының тарапынан да, тұрғындарымыздың тарапынан да бірнеше рет сынға ұшырағанын еске салды. Жолдың мәселесі бір күнде шешілмейді, оң өзгеріске қол жеткізу үшін жүйелі түрде жұмыстану керек деп санайды.
«Өз тарапымыздан шетелдік тәжірибеге сүйене отырып, құзыретті органдарға бірқатар ұсыныс жолдадық. Жолшының мамандығы кабинетте отырмай, үнемі құрылыс басында болуды талап етеді. Бұл қағиданы сақтадық. Осы ретте әріптестеріме, жұмысына адал қараған мердігерлерге және күндіз-түні жолда жүрген әрбір жолшы маманға алғыс айтамын», – деді Қасымбаев.
Индустрия және инфрақұрылымдық даму министрінің бұйрығымен Мейірхат Мейрамханұлы Қасымбаев «ҚазАвтоЖол» ҰК» АҚ басқарма төрағасы қызметіне 2022 жылдың 1 ақпанында тағайындалған болатын.