Бекболат Тілеухан мен Дарын Мубаровты не байланыстырады

Qaz365.kz редакциясы

Қайрат Сатыбалдымен таныстырғанын мойындады

Коллаж Qaz365.kz

Бекболат Тілеухан ел ішінде белгілі имамдар жайлы не ойлайтынын айтып берді, деп хабарлайды Qaz365.kz

Экс-депутатты сұхбатқа тартқан Нұрсейіт Жылқышыбай Бекболат Тілеухан ұлты тәжік, Өзбекстан азаматы Тайыржан Ибрагимовты (діни идеологиялық көзқарасы Өзбекстанның мұсылмандар діни басқармасының саясатымен үйлеспегендіктен, шетке ығыстырылып кеткен) Қайрат Сатыбалдымен таныстырғанын мойындайды. 


«Рас, мен оны ол кезде қайдан білем? Ол кезде сақалы жоқ. Өзбекстаннан келген бір жігіт. Құранды жатқа біліп тұр. Таныстырдым. Бірақ 2013 жылдан кейін араласпай кеттік. Оған дейін араластық», – дейді ол.


Журналистің ақпаратына сәйкес, Қайрат Сатыбалды таныстықтан кейін Тайыржан Ибрагимовты Астанадағы Шұбар мешітінің имамы қылған. Имам Қазақстан азаматтығын алған.

«Сол кісінің кесірінен біраз азаматтар уланып қалып, соның кесірінен Сирияға кеткен жоқ па?» – деп сұрайды журналист.

«Сирияға әкететіндей болған жоқ. Бірақ мұсылман адамға ғайбат айтуға қорқам. Құдайдан қорқатын адаммын. Алла тауфих, ғидаят берсін. Кісі жамандатпай-ақ қойшы маған. Дарынды да айтасың. Дарын менің бауырым. Дарынды жақсы көрем. Дарын менің отбасыммен дінге келуіме себеп болған адам. Оның бүкіл ісінен қайшы келетін ештеңе көрген жоқпын», – дейді ол.


Тайыржан Ибрагимов жайлы қорытынды сөзінде Бекболат Тілеухан:

«Оның біздің КНБ-мен тығыз байланысы болды деп естідім, содан кейін арамыз суып кетті», – дейді.