«БАҚ-ты қудалауға ыңғайлы норма»: Балаева журналистер ұсынысын қолдайтынын айтты

Qaz365.kz редакциясы

Журналистер бұл мерзімді материал жарияланғаннан кейін бір жыл деп шектеуді сұраған

ФОТО SPUTNIK / ВЛАДИСЛАВ ВОДНЕВ

Парламент Мәжілісінде бүгін «Масс-медиа туралы» даулы заң жобасы бірінші оқылымда мақұлданды. Отырыста құжат қызу талқыланып, бірқатар өзгерістердің екінші оқылымда алынып қалатын түрі бар. Бүгін кешке Мәдениет және ақпарат министрі Аида Балаева орталық коммуникациялар алаңында аталған тақырыпта баспасөз мәслихатын өткізіп, сұрақтарға жауап берді, деп хабарлайды Qaz365.kz

Осыған дейін медиа қауымдастық өкілдері мен баспасөз құқығын қорғаушылар аталған құжат осы күйде қабылданса, елде сөз бостандығы шектеледі деп айтқан. Десе де, Балаева құжат «сөз еркіндігін қатаң сақтай отырып, журналистердің кәсіби мәртебесін көтеру және мемлекеттік ақпараттық саясаттың тиімділігін арттыру мәселелерін шешеді» деп сендіргісі келеді. Оның сөзінше, Парламентке түскен бес ай ішінде жобаға қатысты 20-дан астам отырыс өтіп, министрлік, үкіметтік емес ұйымдар мен масс-медиа сарапшыларының қатысуымен 200-ден аса толықтырулар енгізілген.

Журналистер қауымдастығы ар-намыс пен қадір-қасиетті қорғау туралы істерге қатысты талап қою мерзімінің 3 жыл болуын БАҚ-ты қудалайтын норма деп атаған. Журналистер бұл мерзімді материал жарияланғаннан кейін бір жыл деп шектеуді сұраған. Бүгін ОКҚ алаңында Аида Балаева осы норма екінші оқылымға дейін алынып қалуы мүмкін екенін тұспалдады.

«Біз қазір 3 жыл деп анықтап отырмыз ғой. Сондықтан мен өзім бүгін сұраққа жауап бергенде айттым: мен бір жылдық мерзімді министр ретінде қолдаймын. Бірақ қазір мүдделі мемлекеттік органдармен, депутаттармен біз қайтадан осы норманы талқылайтын боламыз. Мен өзім қолдаймын», – деді Аида Балаева.

Сол секілді баспасөз картасы да екінші оқылымға дейін алынып қалуы мүмкін. Оған бүгін мәжілістегі «Аманат» партиясы фракциясы қарсы шығып, баспасөз картасын депутат Айдос Сарым «құйтырқы форматтағы шектеу» деп атады. Бұл да екінші оқылымда баспасөз картасы алынып қалуы немесе тек ерікті болуы мүмкін деген болжамды нақтылай түседі.