«Асқар Наймантаевпен қоштасуды Әуезов театрында өткізбей жатыр»: желіде наразы жазбалар көбейді

Qaz365.kz редакциясы

Мәдениет және ақпарат министрі Аида Балаевадан жағдайды түсіндіруді талап етуде

Коллаж Qaz365.kz

Бүгін марқұм болған актер Асқар Наймантаевпен қоштасу рәсімін Алматыдағы Әуезов театрында өткізбей жатыр деген әңгіме әлеуметтік желіде қызу талқыланып жатыр, деп хабарлайды Qaz365.kz.
Рас-өтірігі белгісіз бұл ақпаратты естігендер желіде наразылық білдіріп, Мәдениет және ақпарат министрі Аида Балаевадан жағдайды түсіндіруді талап етті.

«Күлдіре біліп өнерін, күле біліп адами қасиетін көрсеткен Асқар ағамыз да келместің кемесіне мінді. Бірақ күлкіге қалып, қасірет шеккен жоқ. Тірісінде тауып сөйлейтін шешендігі мен тура айтатын тік мінезі талайға жақпаған шығар?! Ақтық сапарға шығарып салу рәсіміне келгенде кейбіреулердің  көк желкесі кері тартып жатыр екен», – деп жазады журналист Диас Нұрақын.

Журналистің жазуынша, жақындары, достары, өнердегі жолдастары Асқар Наймантаевпен қоштасуды Әуезов театрында өткізіп, соңғы сапарға сол жерден шығарып салсақ деп жүгірген. Бірақ Мәдениет және ақпарат министрлігі «ол театрда жұмыс істеген жоқ» деген желеумен рұқсат бермей қойған.

Журналист Қанат Әбілқайыр «біздің атқамінерлер тағы да отпен ойнап, актерді ақтық сапарға шығарып салуға театрларын қимай қалыпты» деп жазады.

Оңғар Қабден «театрдан шығарса, Наймантаев тіріліп кетеді деп отырсыңдар ма?» деп, министр Аида Балаеваны белгілеген.

Qaz365.kz тілшісі Әуезов атындағы Қазақ ұлттық драма театрына осы мәселе жөнінде хабарласқан. Алайда олар осы уақытқа дейін қоштасу рәсімін өткізу жөнінде өтінішпен ешкім жүгінбегенін жеткізді.