Қаңтар оқиғасы кезіндегі адам құқықтарын бұзу фактілерінің көбі жауапсыз қалды. Халықаралық Human Rights Watch (HRW) ұйымы жаңа баяндамасында осылай дейді. Баяндама авторлары Қаңтар оқиғасын зерттеуді 11 жыл бұрын Жаңаөзенде болған тергеумен салыстырып, "ескі паттерндер" әлі жойылмағанын айтады. 12 қаңтарда HRW адам құқықтары саласындағы тәжірибелер мен тенденцияларға шолу жасайтын жыл сайынғы бүкіләлемдік баяндамасын жариялады. Азаттық баяндаманың Қазақстанға арналған бөлігін талдап, HRW сарапшысымен сөйлесті.
Биылғы баяндама 2022 жылы әлемнің 100-ден астам елінде адам құқықтарының жайы қалай болғанын зерделейді. Оның бірнеше парағы Қазақстанға арналған. Онда 2022 жылы қаңтардың басында болған үкіметке қарсы наразылыққа биліктің реакциясы жайлы айтылған. Баяндама авторлары "Жаңаөзендегі сұйылтылған газ бағасының көтерілуіне қарсылықтан басталған наразылық ақырында биліктің адам құқықтарын бұзуымен аяқталды: наразыларға күш қолданды, жазықсыз адамдарды ұстап, қамауда азаптады" деп жазады.
Құқық қорғау ұйымдарының халықаралық тәуелсіз сарапшылардың қатысуымен Қаңтар оқиғасына жан-жақты зерттеу жүргізу туралы ұсынысынан Қазақстан билігі бас тартқан. Бейбіт халыққа оқ атқан күш құрылымдарынан бір қызметкер ғана жауапқа тартылды. Баяндама дайындалып жатқанда азаптау істері бойынша құқық қорғау органдарының сегіз қызметкері ғана сотта жауап берген. Қазақстанда азаптау фактісі бойынша 234 қылмыстық іс қозғалған.
Қазақстан туралы бөлім биліктің наразылар мен жаппай тәртіпсіздікке қарсы оқ атуынан басталады. Ресми дерек бойынша, 232 азамат (оның 19-ы күш құрылымдарынан) қаза тапқан. Алты адам полиция мен тергеу изоляторындағы азаптаудан көз жұмған. Баяндама Қазақстан билігін "жан-жақты, ашық әрі әділ" зерттеу жүргізуге шақырумен аяқталады. Бұл үндеуді қазанда Астанаға келген сапарында Еуропа кеңесінің төрағасы Шарль Мишель де айтқан еді.
Баяндамаға сәйкес, Еуропа одағы мен АҚШ сияқты халықаралық ойыншылар Қаңтар оқиғасы кезіндегі зорлық-зомбылыққа алаңдап, билікті жағдайды объективті әрі тәуелсіз зерттеуге үндеген. 19 қаңтарда Еуропарламент Қазақстандағы жағдай туралы резолюция қабылдады. Құжатта Қаңтар оқиғасы кезінде адам құқықтарының бұзылуына байланысты халықаралық зерттеу жүргізуге шақырған үндеу бар. Қазақстан шенеуніктері ұлттық зерттеудің өзі жеткілікті деп түсіндірген.
Сарапшылар Қаңтардан кейін президент Қасым-Жомарт Тоқаевтың билігі күшейгенін байқаған. Ол Конституцияны екі рет өзгертіп, қарашада кезектен тыс өткен президент сайлауда бір реттік жеті жылдық мерзімге қайта сайланды. Бұл үшін Конституцияға тиісті өзгертулер енгізілді. Қазақстандағы президент сайлауға тәуелсіз бақылаушы ретінде баға берген ЕҚЫҰ Демократиялық институттар және адам құқықтары бюросы сайлауда саяси бәсеке болмағанын, Қазақстанға реформа жүргізу керегін айтқан. "Халықаралық тәуелсіз бақылаушылар Қазақстандағы бір де бір сайлауды еркін әрі әділ өтті деп мойындамаған" деп жазады HRW.
Баяндама авторлары 2022 жылы басталған Қазақстанның Адам құқықтары жөніндегі кеңеске төрағалығы (БҰҰ Бас Ассамблеясының 76-сессиясында Қазақстан 2022-2024 жылдары Адам құқықтары жөніндегі кеңес төрағасы болып таңдалды. Адам құқықтары жөніндегі кеңес – әлемдегі адам құқықтарын құрметтеу және қорғауға көмектесетін, адам құқықтарын бұзуға байланысты жағдайларды қарайтын үкіметаралық орган – ред.) елдегі қантөгіс пен адам құқықтарының бұзылуынан басталғанын еске салады. Олар Тоқаевтың күш құрылымдарына ескертусіз оқ атуға бұйрық бердім деген мәлімдемесін де назардан тыс қалдырмаған.
Бұрын БҰҰ-ның Женевадағы бөлімін басқарған, Қазақстан сыртқы істер министрі және үкімет басшысы болған Тоқаев 7 қаңтарда теледидардан осындай мәлімдеме жасады. Ол содан бірнеше күн бұрын өлім жазасынан бас тарту туралы жарлыққа қол қойған еді. Билік Қаңтар оқиғасын "мемлекеттік төңкеріс жасауға талпыныс" деп сипаттайды. Елде наразылық өршіп тұрғанда президент мыңдаған "террорист" шабуыл жасап, сырттан қауіп төнгенін айтты. Бұл төтенше жағдай жариялап, Ұжымдық қауіпсіздік шарт ұйымынан (Ресейдың ықпалы басым, алты мемлекеттен тұратын әскери ұйымға ұқсас одақ) әскер шақыруға себеп болды. Баяндамада бұл туралы да кеңінен жазылған. HRW авторлары 11 қаңтарда БҰҰ-ның жетекші сарапшылар тобы Қазақстанды "күш құрылымдарының демонстранттарға қарсы қару қолдануын тыңғылықты әрі тәуелсіз зерттеуге" шақырып, кез келген зерттеу мемлекет мойнына алған халықаралық міндеттемелер аясында жүруі керегін ескерткен. 29 қаңтарда Тоқаев "Хабар" арнасына берген сұхбатында "бандиттерді" атуға бұйрық бергенін, ал ҰҚШҰ әскері Қазақстанда бір де бір оқ атпағанын айтты.
Баяндама авторлары баспасөз құқығын қорғаумен айналысатын "Әділ сөз" ұйымының дерегіне сүйеніп, Қаңтар оқиғасынан хабар таратып жүрген журналистерге оқ атылып, оларды полиция ұстап әкеткенін жазады. Телеарнада жүргізуші болып істеген Мұратхан Базарбаев оққа ұшқан, ал оның әріптесі, оператор Диаскен Байтыбаев қолына оқ тиіп жараланды. Дәрігерлер оның екі саусағын кесіп тастаған. Былтыр қаңтарда алаңнан хабар таратқан "Уральская неделя" басылымының журналисі Лұқпан Ахмедияров, "Алтай Ньюс" тілшісі Дарын Нұрсапақ, "Бұқпа" тәуелсіз газетінің бас редакторы Бақыт Смағұл, "Көкшетау Азия" сайты жаңалықтар қызметінің шеф-редакторы Нұржан Баймулдин бес күннен 15 күнге дейінгі мерзімге әкімшілік қамауға алынған. ЕҚЫҰ-ның ақпарат құралдарының еркіндігі мәселелері бойынша өкілі Тереза Рибейру 12 қаңтарда Қазақстан билігінен интернетті қосып, журналистер жұмысына кедергі келтірмей, олардың қауіпсіздігін қамтамасыз етуін өтінді.
HRW 2022 жылдың 4-6 қаңтар аралығында әскери қызметкерлер кем дегенде төрт рет шектен тыс күш қолданып, өздеріне еш қауіп төндірмеген наразыларға ескертусіз оқ атқанын анықтады. Құқық қорғау ұйымының дерегінше, күш құрылымдары 10 адамды осылай өлтірген. Қаза тапқан адам саны әлдеқайда көп болуы мүмкін.
Қазірге дейін алаңдағы азаматтарға оқ атқан бір әскери ғана жауапқа тартылған. Қарашада малшы Ерназар Қырықбаевтың қазасы бойынша айып тағылған әскери бөлім қызметкері, 21 жастағы Марк Злуняев сотталды. Ол – Қаңтар оқиғасы бойынша күш құрылымдарынан жауапқа тартылған жалғыз адам.
Баяндамада көптен шешілмей, жыл сайын айтылып жүрген біраз мәселе тағы көтерілген. Құқық қорғаушылар Қазақстанда бейбіт жиын өткізу құқығы әлі де қатаң шектелетінін, митингілер биліктің бақылауымен өтетінін айтады. Қазақстан билігі үкіметті сынаған азаматтарға шара қолданып, бейбіт наразылық өткізу құқығын, сөз бостандығы мен дін еркіндігін шектеп отыр.
Тұрмыстағы зорлық және азаптау фактілері көбіне жауапсыз қалады.
Бейбіт наразылыққа шыққан адамдарды ұстап, айыппұл салып, әкімшілік қамауға алады. Полиция белсенділердің үйінің маңын торуылдап, көшеге шығармай қояды. 2022 жылы кемінде 10 оппозициялық белсенді қылмыстық жауапкершілікке тартылып, "экстремистік" деп танылған ұйым қызметіне қатысты деп айыпталған.
Құқық қорғаушылар пікір білдіру және бірлесу құқығы бұзылды деп есептейді. Олар 4 қаңтарда полиция Степногорскідегі алаңда жалғыз адам пикетін өткізіп, тікелей эфирге шыққан экобелсенді Артем Сочневті "әлеуметтік араздық туғызды" деген айыппен ұстап әкеткенін айтады. Маусымда белсендіге қарсы қылмыстық қудалау тоқтағаны белгілі болды.
Құқық қорғаушылар пікірінше, 2022 жылы дін еркіндігі де шектелген. Түркістан облысы Арыс қаласының тұрғыны Анатолий Зерниченко маусымда әлеуметтік желіге мұсылман жазбаларын жариялағаны үшін жеті жылға бостандығынан айырылған. Прокуратура бұл мәтінді "терроризм пропагандасы" деп тапқан.
Ақпарат құралдары қызметкерлері қудалау, қамау, шабуыл жасау сияқты әртүрлі қысымға ұшыраған.
Қаңтар оқиғасы кезінде және одан кейін ұсталған жүздеген адам қамауда азаптау көргенін хабарлады. Кемінде алты адам полиция бөлімшесі мен тергеу изоляторларында азаптау салдарынан қайтыс болды. 6 шілдеде Талдықорған соты "полиция арқама ыстық үтік басты" деген Азамат Батырбаевқа "жаппай тәртіпсіздікке қатысты" деген айыппен шартты жаза кесті.
Баяндамада 2016 жылы "араздық туғызу" бабымен сотталғаннан кейін елден кеткен белсенді Ермек Нарымбаев 6 ақпанда Киевтен Алматыға ұшып келген бойда ұсталғаны жазылған. Қазір ол Алматы облысы Заречный кентіндегі колонияда жазасының қалған бөлігін өтеп жатыр.
Ақпанда билік тіркелмеген Демократиялық партия лидері Жанболат Мамайды да ұстаған. Қазір Алматыда Мамайдың соты өтіп жатыр. Оған "көрінеу жалған ақпарат таратты", "билік өкілін қорлады", "бейбіт жиын ұйымдастыру және өткізу тәртібін бұзды" деген айыптар тағылған. Жақында оған жаңа айып тағылуы мүмкін екені белгілі болды. Қарашаның басында Жанболат Мамай үйқамаққа шығарылған. Одан бұрын белсендіге тағылған айыпты жұмсартып, "бейбіт жиын ұйымдастыру және өткізу тәртібін бұзу" бабына ауыстырған. Әуелде оған "жаппай тәртіпсіздік ұйымдастыру" бабы бойынша айып тағылған еді.
Тағы бірнеше белсендіге Қаңтар оқиғасына байланысты "саяси астары бар айыптар" тағылды. Олардың қатарында өскемендік Айдар Байсағатов, шымкенттік Молдабай Сәдібеков, алматылық Дархан Уәлиев бар. Олар жергілікті құқық қорғаушылар жасаған "саяси тұтқындар тізіміне" енген.
19 шілдеде Жоғарғы сот 2016 жылы "ақша жымқырды" деген ойдан құрастырылған айыппен алты және бес жылға бостандығынан айырылған журналистер – әкелі-балалы Сейітқазы және Әсет Матаевтарды ақтады.
Баяндама авторларының сөзінше, билік БҰҰ жұмыс тобының 2021 жылы мамырда ұсталған, 2019 жылдан бері Жаңаөзендегі аз қамтылған отбасылар мен жұмыссыздар мәселесін көтеріп жүрген белсенді Ержан Елшібаевты босату туралы шешімін елеусіз қалдырған. 2022 жылдың аяғына қарай оны Қызылорда облысынан Ақтөбеге жеткізіп, Қарағанды облысындағы ерекше режимдегі колонияға ауыстырған. Қыркүйекте Қызылорда соты түрме әкімшілігінің арызымен белсендінің негізгі жаза мерзіміне тағы жеті жыл қосып берген. Түрме әкімшілігі Елшібаевты тұтқындарды қызметкерлер талабына бағынбауға үгіттеді деп айыптаған. Белсенді өзіне тағылған айыптарды жоққа шығарады.
Азаттық HRW ұйымының Орталық Азия бойынша зерттеушісі Мира Риттманмен сөйлесті. Ақпанда құқық қорғау ұйымы Қазақстан билігін Қаңтар оқиғасы бойынша шынайы, тәуелсіз зерттеу жүргізуге, барлық деректерді ашық жариялауға үндеген.
"Human Rights Watch халыққа оқ ату, азаматтарды азаптау және адам құқықтарын бұзу фактілері бойынша кінәлілерді жауапқа тарту үшін Қаңтар оқиғасы бойынша тәуелсіз зерттеу жүргізу керек деген ұсынысын бірнеше рет қайталады. Өкінішке қарай, Қазақстан билігі ұсынысымыздан бас тартып отыр. Бұл туралы бүкіләлемдік баяндаманың Қазақстан туралы бөлімінде де жаздық", деді Мира Риттман.
Ол "Қазақстан билігі Қаңтар оқиғасын зерттеуге шетелдік тәуелсіз сарапшыларды қатыстыруы үшін не істеу керек?" деген сұраққа "Қазақстанның халықаралық серіктестері мен ел ішіндегі субъектілер бұл мәселені назардан тыс қалдырмай, үкіметті тиімді тәуелсіз зерттеу жүргізуге шақыруын тоқтатпауы керек" деп жауап берді.
"Қазақстанның серіктестері билікке адам құқықтары саласындағы міндеттемелерін орындау екіжақты қарым-қатынастың ажырамас бөлігі екенін түсіндіруі керек. Мысалы, Еуроодақ Қазақстанмен кеңейтілген серіктестік туралы келісім, Вашингтон Астанамен стратегиялық диалог аясында осы мәселені көтерсе болады" дейді Риттман.
– Президент Тоқаев саяси реформалар жүргізгенін, "жаңа Қазақстан" құрылатынын айтады. Бірақ 238 адамның қазасына кінәлілер жауапқа тартылмаса, қайдан жаңа Қазақстан болсын? Қазақстан халқының билікке негізделген экономикалық, саяси, әлеуметтік талаптары бар. Олар 2022 жылы қаңтарда болған жағдай жауапсыз қалмай, әділдік орнағанын қалайды. Халық сенетін зерттеу жүргізу, кінәлілерді жауапқа тартуға Қазақстан билігінің өзі мүдделі болуы керек. Сондықтан үкіметтен Қаңтар оқиғасын зерттеуге халықаралық тәуелсіз сарапшыларды қатыстыруды сұрап отырмыз, – дейді ол.
Сарапшы биліктің 2011 жылы болған Жаңаөзен оқиғасы кезіндегі қантөгіс пен азаптау бойынша тәуелсіз зерттеу жүргізбегенін еске салады. Жаңаөзенде полиция еңбек жағдайын жақсартуды, жалақысын көтеруді сұрап, бірнеше ай алаңда ереуілде тұрған мұнайшыларға оқ атып, ресми дерек бойынша, 17 адам қаза тапқан, жүздеген адам жараланған. Бұл оқиғаға байланысты халықаралық зерттеу жүргізілген жоқ. Кей белсенділер мен куәгерлер бейбіт халыққа оқ атуға бұйрық бергендер әлі күнге дейін жауапқа тартылмағанын айтады.
"Билік 2011 жылғы Жаңаөзен оқиғасы бойынша тәуелсіз зерттеу жүргізген жоқ. Он бір жылдан соң күш құрылымдары тағы да наразыларға оқ атты. Биліктің Қаңтар оқиғасына реакциясы мынадай болды: наразыларды жазалап, құқық қорғау органдарының әрекетін ақтап алуға тырысты" дейді Риттман.
Бас прокуратураның дерегінше, Қаңтар оқиғасы кезіндегі құқық бұзу фактілері бойынша 5300 қылмыстық іс қозғалған. Халықаралық ұйымдар тәуелсіз зерттеу жүргізуге үндеп жатқанда, билік оқиғаны біржақты қарады. Прокуратура Қаңтар оқиғасына байланысты қозғалған істер барынша ашық тергеліп жатыр дейді.