«Толық қолдаймын»: Тоқаев Бишімбаевқа қатысты сауалға жауап берді

Qaz365.kz редакциясы

Тұрмыстық зорлық-зомбылыққа қатысты жаза қатаңдатыла ма

Коллаж: kaztag.info

Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев «Egemen Qazaqstan» газетіне берген сұхбатында тұрмыстық зорлық-зомбылыққа қатысты жазаны қатайтуды толық қолдайтынын айтты, деп хабарлайды Qaz365.kz.

Сұхбат алушы Президенттен кейінгі кезде қоғамда зорлық-зомбылық пен қатыгездік белең алып бара жатқанының себебін сұрады. Әсіресе әйелдер мен бала­­лардың әлімжеттік көргені, соқ­­қыға жығылғаны туралы ақ­парат күн сайын шығатынын айтты. Осындай қыл­мыс­тардың тамырына балта шауып, біржола тосқауыл қою үшін мем­лекет тарапынан не істеліп жатқанын сұрады. 

Одан бөлек, қараша айын­да Қуандық Бишімбаевтың әйелін өлтірді деген күдікке ілінуіне қатысты сауал қойылды.

«Нақты жауап бере­йін, тұрмыстық зорлық-зомбы­лыққа қатысты жазаны қатайтуды толық қолдаймын. Сіз айтқан петиция заң талабына сай келсе де, келмесе де, азаматтардың пікірі міндетті түрде ескеріледі. Оған күмән болмасын», – деді Қасым-Жомарт Тоқаев.

Мемлекет басшысы қоғамда озбырлық пен зорлық-зомбылықтың кез келген түріне мүлдем төзбейтін түсінік қалыптаспаса, заңға енгізілген өзгерістерден аса қайыр болмайтынын жеткізді.

«Жұрт зорлық-зомбылық жасағандарға жазаны қатайтуды талап ете тұра, қылмыс әлеміндегі шытырман оқиға­ларға таңдай қағып, фильмдердің заңды белден басатын кейіпкерлерін ғана емес, тіпті шынайы өмірдегі кәнігі қылмыскерлердің өзін пір тұтып жатады. Бұл жағдай бір-біріне мүлде кереғар және өте оғаш көрінеді. Солай емес пе?! Біз қоғамды ішінен іріте­тін, адамгершілікке жат қылықтарды ақ­тау­­ды көздейтін кез келген әрекетке және құқықтық нигилизмге тұтас ел болып тосқауыл қоюымыз керек», – деді Президент.

Ол әйелдермен мен балаларға жасалған зорлық-зомбылыққа қатысты қылмыстарды тергеумен әйел тергеушілер айналысатын болғанын еске салды.

«Сондай-ақ ішкі істер органдарында әйелдерді зорлық-зомбылықтан қорғаумен шұғылданатын мамандардың штаты қалпына келтіріліп, олардың құзыреті күшейтілді», – деді Тоқаев.

Сондай-ақ былтыр отбасындағы тұрмыстық құқық бұзушылықпен күрес тәсілдері қайта қаралғанын еске салды.

«Біз мұнымен шектелген жоқпыз. Былтыр отбасындағы тұрмыстық құқық бұзушылықпен күрес тәсілдерін қайта қарадық. 1 шілдеден бастап полиция жәбірленушінің шағымын емес, қылмыстың анықталуын негізге алып, қылмыстық істі тіркеуге көшті. Яғни мұндай қылмыстарға қатысты іс қозғау үшін зорлық-зомбылықтан жапа шеккен адамның арызы қажет емес. Тұрмыстық зорлық-зомбылық жасағандарға әкімшілік және қылмыстық жауапкершілік едәуір күшейтілді. Жәбірленуші қайта-қайта қысымға ұшырамауы үшін бұдан былай мұндай іске қатысты тараптарға екінші рет татуласу мүмкіндігі берілмейтін болды», – деді Мемлекет басшысы.

Еске салайық, бұрынғы экономика министрі Қуандық Бишімбаев Астанадағы мейрамханалардың бірінде әйелін ұрып өлтірді деген күдікпен қамауға алынды.

Қылмыстық іске Президент Қасым-Жомарт Тоқаев та назар аударып, істі ІІМ басшылығына ерекше бақылауға алуды тапсырды.