«Ер-азамат болған соң, әкесін іздеуі парыз»: Ұлы 25 жыл көрмеген әкесін тойына шақырды

Qaz365.kz редакциясы

Видеоның пікір қалдыратын бөлігінде әркім әртүрлі пайымын айтады

Видеокадр

Әлеуметтік желіде Ермек атты жігіттің 25 жыл бойы көрмеген әкесін тойға шақырған видеосы  тарап жатыр. Ермек ұлының туған күніне орай той жасап, тойына туған-туыстарымен бірге кезінде анасымен ажырасып кеткен әкесін де шақырған, деп хабарлайды Qaz365.kz

– Иә, өмірде әр нәрсе болады. Бала болдық, кішкентай болдық. Әке-шешеміздің арасында болған жағдайға біздің түк те қатысымыз жоқ. Еркек ер-азамат болғаннан кейін әкесін іздеуі парыз. Сол себепті өзімнің, анамның, баламның қуанышына шақырмағанда қай кезде шақырам? – дейді Ермек өз парақшасында таратқан видеода.

Ортаға осыдан кейін әкесі шығып, тілегін айтады. Тойда сөз сөйлеген әкесі келгендерге, туған-туыстарының бәріне алғыс айтады. 

– Немерем бір жасқа келіп отыр. Қартаймаңыздар. Бәрі жақсы болсын! – дейді ол.

Әкесінен кейін микрофонмен сөз алған Ермектің анасында әлі де реніш барын байқауға болады.

– Ермек 25 жылдан кейін әкесін шақырды. 25 жыл бойы баламды бағып өсірдім. 25 жылдан кейін, міне, келген әкесі. Бұған мен қарсы тұрмаймын. Ермектің әкесі, – дейді ол.

Видеоның пікір қалдыратын бөлігінде әркім әртүрлі пайымын айтады. Бірі жігіттің әрекетін жақтаса, екіншісі құптамайды. “Анасы текті екені көрініп тұр”, “дұрыс, таспен ұрғанды аспен ұр деген” деп жазып жатқандар бар.