Бұл – қатардағы жұмысшылар емес
Төтенше жағдайлар министрі Сырым Шәріпханов Үкімет отырысынан кейін өтіп жатқан баспасөз конференциясында «Костенко» шахтасындағы апат бойынша айыпталған адамдардың аты-жөнін атады, деп хабарлайды Qaz365.kz.
«Бұл – қатардағы жұмысшылар емес, тікелей жауапкершілік арқалайтын инженерлік-техникалық персонал. Бұл – жауапты лауазымды тұлғалар. Олар да, материалдар да тергеу органдарына берілді. Кінәсін сот анықтайды. Жекелеп айтсақ, бас директор Яблонский, персонал жөніндегі директор Винокурова, Белый мырза, «АрселорМитттал Теміртаудың» көмір департаментінің атқарушы директоры Огай және басқалар», – деді Сырым Шәріпханов.
Еске салайық, 2023 жылдың 28 қазанында Қарағандыдағы «АрселорМиттал Теміртау» АҚ-ның Костенко атындағы көмір шахталарында бірқатар жарылыс болып, нәтижесінде 46 адам қаза тауып, 28 кенші жарақат алды. Ресми мәлімет бойынша, механикалық ұшқынның салдарынан газ өртенгеннен кейін ірі өрт шығып, соңы жарылысқа ұласқан. «Көмір өндіру кезінде қауіпсіздік талаптарын орындамады» деген күдікпен жеті адам ұсталған.
Осыдан кейін инвестор Лакшми Митталмен келісімшарт бұзылып, орнына қазақстандық бизнесмен Андрей Лаврентьев «АрселорМиттал Теміртау» кәсіпорнының жаңа иесі атанды.
«АрселорМиттал Теміртау» нысандарында кейінгі 15 жылда 120-дан астам адам опат болған.
Қарағанды облысының әкімі Ермағанбет Бөлекпаев Костенко атындағы шахтада қаза тапқан кеншілердің отбасына он жылдық жалақы төленетінін жеткізді. Қаза болған шахтерлердің, олардың жұбайларының, ата-аналары мен балаларының несиелері өтелді. Сондай-ақ компания әрбір отбасына кемінде 18 шаршы метр пәтер сатып алуға міндеттенеді. Сақтандыру төлемдері, ЖОО-да 23 жасқа дейінгі балалардың оқу ақысы төлене бастайды.