Астаналық ана егізден кейін үшемді дүниеге әкелді

Qaz365.kz редакциясы

Бүгін олар перзентханадан үйіне шығарылды

Фото: ашық дереккөзден

18 қаңтарда Астанада 2024 жылғы алғашқы үшем дүниеге келді. Үшемді осыған дейін егіз баланы туған келіншек босанды. Сәбилер №2 қалалық көпсалалы аурухананың акушерлік блогында жарық дүниенің есігін ашты, деп хабарлайды Qaz365.kz.

Қала әкімдігінің ресми сайтының жазуынша, сәбилердің анасы Ажар Қабитова жұбайымен бірге 2020 жылы дүниеге келген қыздары мен 2022 жылы туған егіз балаларын тәрбиелеп отыр. Жас ана жүктіліктің 34-аптасында босанды. Сәбилерінің бәрі – ұлдар. Балалардың салмағы – 3 000 грамм, 2 300 грамм және 2 500 грамм.

Жаңа туған нәрестелер бір аптаға жуық уақыттан бері №2 қалалық көпсалалы ауруханасында жатыр.

Дәрігерлердің айтуынша, балалардың денсаулығы жақсы, аздап салмақ қосып келеді. Ұдайы дәрігерлердің бақылауында. 24 қаңтарда үйлеріне шығарылады.

Сәбилерін дүниеге әкелуіне көмектескені үшін Ажар өзінің Instagram аккаунтында дәрігерлер мен медицина қызметкерлеріне алғысын білдірді.

«Астана қаласындағы №2 қалалық көпсалалы аурухананың медициналық персоналы мен акушерлік блок дәрігерлеріне, атап айтқанда, Ардана Айдарбекқызы мен Венера Усаинқызына алғысымды білдіремін», – деді ол.