Алматыдағы жер сілкінісі кезінде анасы баласын қолынан түсіріп алған

Qaz365.kz редакциясы

Адамдар дүрлігіп, үйлерін тастай қашқан кезде жарақат алған

Фото: pixabay.com

Барша қазақстандықтардың назары өткен түнде қатты жер сілкінісі болған Алматыға ауды. Зардап шеккендер бар. Олардың саны артып келеді: басында 44 адамның жарақат алғаны хабарланса, қазір олардың саны 67-ге жетті, деп хабарлайды Qaz365.kz тілшісі KTK.KZ-ке сілтеме жасап. 

Адамдар дүрлігіп, үйлерін тастай қашқан кезде жарақат алған. Көпшілігінің сүйегі шыққан, еті езілген. Дәрігерлер тексерген соң, біраз адамдар амбулаториялық ем-дом алу үшін үйлеріне қайтарылды. Бірақ жағдайы ауыр науқастар да бар. Қазір жансақтау бөлімінде 33 жастағы науқас жатыр. Қорыққаннан үшінші қабаттың терезесінен секіріп кеткен әйелдің біраз сүйектері сынған. Зілзаладан зардап шеккен сегіз адам ауруханаға жатқызылды. Олардың екеуі травматология бөліміне орналастырылды.

Зардап шеккендердің арасында 12 бала бар екенін де айта кеткен жөн. Олар негізінен құлаған кезде жарақат алған. Ең кішкентайы – небәрі алты айлық сәби. Жер сілкінген кезде анасы ойламаған жерден көтеріп тұрған сәбиін қолынан түсіріп алған. Екінші бала төсектен құлап кеткен.

«Қазіргі уақытта бір науқас жансақтау бөлімінде. Жағдайының ауырлығы алған жарақаттарына байланысты. Оған ауыр аралас жарақат, жамбас сүйегінің, жамбастың сынуы. Біріктірілген жарақат, мидың шайқалуы, жабық бас миының жарақаты деген диагноздар қойылды», – деді қалалық жедел жәрдем ауруханасының хирургиялық бөлімі бас дәрігерінің орынбасары Ермек Желдібаев.