Ол үшін дәрігер 5 жыл сол жерде жұмыс істеуі керек
Ауылға жұмысқа баратын дәрігерлерге ең төменгі жалақының 100 есе көлемінде бір реттік көтермеақы беріледі. Бұл туралы Мәжіліс депутаты Асхат Аймағамбетов айтып берді, деп хабарлайды Qaz365.kz.
«Ауылдағы дәрігерлер жетіспеушілігі мәселесін шешу бойынша AMANAT партиясы берген уәдесін орындадық. Енді осы дәрігерлер 9 миллион теңгеге жуық қаражатты бір мезгіл көтермеақы ретінде алады. Бұл ауылдағы дәрігерлердің жетіспеушілігі мәселесін шешуге өте маңызды болады.
Оның айтуынша, ол үшін дәрігер 5 жыл сол жерде жұмыс істеуі керек.
«Біздегі басты мәселе – ауылға мықты мамандарды әкелу және соған ынталандыру. Қазірдің өзінде өз мамандығында 3 жыл істеу талабы бар. Ең төменгі жалақы мөлшері де жыл сайын арта береді. Сондықтан, дәрігерлерге айтарымыз, бірреттік ақыны алған соң, сол ауылда жұмыс істеп, орнығуы керек», – деді Аймағамбетов.
Сондай-ақ медицина қызметкерлерінің мәртебесін арттыру мақсатында «Үздік маман» республикалық конкурсының жеңімпаздарына біржолғы 500 АЕК төленеді.
Денсаулық сақтауды дамытудағы жетістіктері мен ерекше еңбегі үшін «Қазақстан Республикасының еңбек сіңірген дәрігері» құрметті атағы беріліп, 1000 АЕК төлем төленеді.
Айта кетейік, бүгін Мәжілістің жалпы отырысында «Қазақстан Республикасының кейбір заңнамалық актілеріне денсаулық сақтау мәселелері бойынша өзгерістер мен толықтырулар енгізу туралы» Заңы қабылданды.