Майқайыңдағы апат: қатты жел мен боран құтқарушылар жұмысына кедергі келтіріп жатыр

Qaz365.kz редакциясы

Мамандар шамамен 3 метрге тереңдей түсті.

Фото: Павлодар облыстық ТЖД

«Майқайың-алтын» АҚ аумағында іздестіру-құтқару жұмыстары жалғасып, мамандар күн сайын кәсіби аспаптардың көмегімен тереңдіктің түбін тексеріп жатыр. Бұл туралы Павлодар облыстық ТЖД мәлімдеді, деп хабарлайды Qaz365.kz.

Дегенмен күннің бірден суытуы, қатты екпінді жел мен боран жұмысты қиындатып жіберді. Күн сайын экскаваторды шұңқырдың түбіне түсірер алдында тау-кен инженері барлау жүргізіп, техника үшін жағдайды анықтайды. Сондай-ақ жүргізілетін жұмыстардың орны кинологиялық есептеулермен үнемі тексеріліп отырады.

«Геосканермен белгіленген нүкте ауданында мамандар шамамен 3 метрге тереңдей түсті. Жұмыс кеңістігін кеңейту және металл іздегішпен учаскені зерттеу жұмыстары жүргізіліп жатыр. Алайда топырақ пен тау жыныстарының құлауы жалғасуда. Іздеу-құтқару жұмыстарын жүргізу орны үнемі үлкен тастардан тазартылуы керек», – делінген хабарламада.

Құтқарушылар техника жете алмайтын жерлерде пневмоэлектро жабдықтардың көмегімен қолмен жұмыс істеп жатыр.

Еске салайық, жұмысы тоқтатылған «Майқайың-алтын» шахтасының маңында автобус жер астына құлап кеткен. Екі адамның мәйіті табылды. Өзге адамдар іздестіріліп жатыр.

Бұған дейін Төтенше жағдайлар министрлігі іздеу жұмыстарына шетелдік мамандарды тарту талап етілмейтінін хабарлаған болатын. 18 қаңтарда экскаватордың көмегімен автобус корпусының бір бөлігі, жоғалған адамдардың құтқару жабдықтары мен жеке заттары табылды.