Бағдаттың айтуынша, дәл қазір "жедел жәрдем" қызметін ауылға ескі "УАЗ" көлігі көрсетеді
Қызылорда облысы Жаңақорған ауданы Бисат ауылына "жедел жәрдем" көлігін сыйға тартқан азаматтар сол көлікті аудандық ауруханаға тіркей алмай отыр, деп хабарлайды Qaz365.kz.
Айтуларынша, тіркеу органы ол көлікті рәсімдеу үшін 2500 айлық есептік көрсеткіш көлемінде ақша төлеуді талап еткен.
«Бұл жарнама емес. Соңына дейін көріңіздер. Есімім – Бағдат. Бір жігітпен бірігіп, Оңтүстік Кореядан "жедел жәрдем" қызметі көлігін ауылымызға сыйға тартқан болатынбыз. Бұл көлікті мекеменің атына, аудандық аурухананың атына жібердік. Енді бір жарым айдан бері растаможка жасай алмай отырмыз. Неге? Бұл көлікті тіркеу үшін мемлекет бізге «2500 АЕК (9,2 млн теңге) төлеңдер, себебі бұл көліктерің жүк көлігі» дейді. Бұл 2-5-3 тонна зат таситын көлік емес қой. Адам тасиды», – дейді ол.
Бағдаттың айтуынша, дәл қазір "жедел жәрдем" қызметін ауылға ескі "УАЗ" көлігі көрсетеді. Ол дымға жарамайды.
«Мына көлікті сол үшін өз ақшамызға сатып алдық. Бізге қарапайым М1 санатымен істеп берсе, 3,5 млн теңгелік шығын болса, өзіміз-ақ жасап алар едік. Ағайын, көмектесіп, осы видеоны таратыңыздар.
Бұлай халықты қалай қанайтынын біліңіздер. Бастапқы тіркеудің өзіне 9,2 млн теңге сұрап тұр. Сұмдық бұл! Не айтам бұған? Алып келіп, өз ақшамызға беріп тұрмыз. Тіркеп, халыққа қызмет көрсетсін десек, бір жарым ай болды, бостан-босқа тұр көлік мына жерде. Қолдап жіберейік», – дейді ол.