Алматыда ер адам туыстарының үйін есірткі зертханасына айналдырған

Qaz365.kz редакциясы

Ол ағасының үйін жалға алған

Фото: polisia.kz

Алматылық азамат туыстарының үйінде есірткі зертханасын ұйымдастырған, деп хабарлайды Qaz365.kz.

26 жастағы ер адам өзім тұрамын деген желеумен ағасының үйін жалға алып, синтетикалық зат шығаратын есірткі зертханасын ұйымдастырған.

“Патрульдік полиция экипажы есірткі сатушыны анықтады және ұстады. 26 жастағы Д. есімді азамат есірткі бетбелгісін қою кезінде тәртіп сақшыларының назарына ілікті. Жедел тергеу тобы тінту жасап, оның сөмкесінен салмағы 1,5 келіге жуық “мефедрон” есірткісін тапты. Күдікті есірткіні зертханада өзі дайындайтынын мойындады. Д. есімді азаматтың бетбелгілерді де өзі қоятыны белгілі болды. Күдіктіге осы жұмысы үшін “жұмыс беруші” жомарт сыйақы уәде еткен, криптовалютамен төлеген. Дәл осы зертханадан шыны колбалар, магниттік араластырғыштар, электронды таразылар, полиэтилен канистрлер, шыны және пластмасса табақтар, кептіргіштер, құрғақ ұнтақтар және басқа да жабдықтар табылып, тәркіленді. Тәркіленген есірткінің салмағы 2 келіден асады”, – деді Алматы қалалық полиция департаменті бастығының орынбасары Дидар Аханов.