Ауыр атлетикадан Азия ойындарының жеңімпазы өмірден өтті

Qaz365.kz редакциясы

Майя Манезаның күйеуі өмірден өтті

Фото: әлеуметтік желіден

Ауыр атлетикадан 2006 жылғы жазғы Азия ойындарының жеңімпазы Вячеслав Ершов өмірден өтті, деп хабарлайды Qaz365.kz.

Қазақстан ауыр атлетика федерациясының хабарлауынша, спортшы 29 қаңтарда қайтыс болған.

«Қазақстан ауыр атлетика федерациясының ұжымы спортшының жақындары мен туыстарына көңіл айтады. Мәңгі есімізде қаласың, чемпион», – деп жазды федерация.

Вячеслав Ершов – 2006 жылы Қатар астанасы Дохада өткен Азия ойындарының чемпионы, ауыр атлетикадан Қазақстан чемпионаттарының бірнеше дүркін жеңімпазы. 

Ол 2013 жылы өзі секілді ауыр атлет, әлем чемпионы Майя Манезамен отау құрған. Екеуінің ортақ екі баласы бар.

Әзірге өмірден қалай өткені туралы ресми ақпарат жоқ. Әлеуметтік желіде достары көңіл айтып жатыр. Біз инсайд ретінде таныстарынан сұрағанымызда, екі күн бұрын ауруханаға түскенін естідік. Жүрегі тоқтаған. 

Айта кетейік, бұған дейін Альберт Линдер, Владимир Седов секілді ауыр атлеттер өз-өзіне қол жұмсап, қаза тапқан. Айналдырған екі жылдың ішінде үшінші ауыр атлет өмірден өтіп отыр.