Қазақстан туберкулез ауыртпалығын жеңген ел қатарына енді

Qaz365.kz редакциясы

АҚШ Қазақстандағы медициналық мекемелерге құны 31 миллион доллар болатын техникалық көмек көрсеткен

АҚШ-тың халықаралық даму бойынша агенттігі (USAID) «Орталық Азияда туберкулезді жою» (ETICA) Жобасының Қазақстандағы жұмысының сәтті аяқталғанын хабарлады.
 
Өзінің алғысөзінде ҚР ДСМ медициналық көмекті ұйымдастыру департаменті директорының орынбасары Гүлнәр Сәрсенбаева Қазақстан Республикасының Үкіметінің атынан АҚШ-тың халықаралық даму бойынша агенттігіне (USAID) туберкулезбен күрес бойынша ұзақ жыл бойғы ынтымақтастығы үшін алғысын білдірді. Сонымен қатар USAID Қазақстан Республикасының туберкулезбен күрестегі, туберкулез ауыртпалығын азайтудағы және елде дәріге төзімді туберкулез түрінің алдын алудағы сенімді серіктесі болғанын және солай болып қала беретінін атап өтті.

«Қазақстандағы туберкулезге қарсы күресте қол жеткен жетістіктер оған қатысқан барлық әріптестің іске адалдығы мен ынтымақтастығының дәлелі.  Бұл іс-шара Қазақстан Үкіметінің туберкулезге қарсы күрестегі жетістіктеріне арналып отыр», – деді Орталық Азиядағы USAID миссиясының демократия және денсаулық сақтау мәселелері жөніндегі аймақтық директоры Робин Мардеуш.

АҚШ-тың халықаралық даму бойынша агенттігі, 5 жылда еліміздегі медициналық мекемелерге жалпы құны 31 миллион доллар болатын техникалық көмек көрсеткен. Оған қоса 1500-ден астам маман білімін жетілдірді.

Іс-шарада Қазақстанда туберкулезбен (ТБ) ауыру жағдайларын азайтуға ықпал еткен инновациялық тәсілдер, шұғыл ем-шаралар және инновациялық зерттеулер туралы қысқаша ақпарат ұсынылды.

Атап айтқанда, USAID ETICA туберкулезге қарсы ұлттық бағдарламаға (ҰТБ) ДДСҰ мақұлдаған Xpert MTB/Rif Ultra және Xpert MTB/XDR молекулярлы экспресс-сынақтарын, сондай-ақ жаңа және қайта тағайындалған дәрілерге арналған дәріге сезімталдық тестерін (ДСТ) енгізуге және өткізуге көмектесті. Бұл көптеген дәрі түріне төзімді туберкулезді емдеудің жаңа сызбасын енгізуді қолдау үшін жаңартылған диагностикалық алгоритмде көрініс тапты.