Жер қызуы көтеріліп барады: Зая кеткен диқан еңбегі — жаһандық дабылға сарапшылар шешім ұсынды
Дүниежүзі метеорологиялық ұйымы 2023 жылды «Адамзат тарихындағы ең жылы жыл» деп хабарлады: жаһандық жылынуға байланысты кейінгі 6 айда қатарынан рекордтық температура тіркелді. Салдарынан Азия елдеріне шіліңгір ыстықта түрлі ауру тарап, Еуропаны тасқын басты.
Дүйім жұрттың дегбірін қашырып, әбігерге салған былтырғы қуаңшылық пен өрт оқиғалары біздің елде де ахуалдың күрделі екенін көрсетті. Әдетте қарашада ақ мамыққа оранып үлгеретін өңірлерде желтоқсанның ортасына дейін қар жаумады. Климаттағы мұндай құбылыстың экологиялық, экономикалық зардабы тимей қоймайды. Сондықтан бұл материалда климат өзгеруінің ауылшаруашылығының маңызды саласы – егін шаруашылығына ықпалы туралы талдауды жөн көрдік.
2021 жылы планетамыздағы құрғақшылықтан Канада, Түркия, Ресей мен АҚШ мемлекеттерінде ауыл шаруашылығы дақылдарының тапшылығы байқалды. Бұл туралы Қазақстан астық одағының астық нарығына жасайтын дәстүрлі шолуынан оқуға болады. 2021 жылға жасалған шолуға сүйенсек, Қазақстанда да астық тапшылығы тіркелген, алғаш болып оңтүстік пен батыс аймақтағы малшылар дабыл қаққаны жазылған. Жауын-шашынның аздығына байланысты бидай тым аласа, ал өзі құрғақ болып шыққан. Егінді әлсіреткен тағы бір себеп – зиянкестердің көптігі. Бұл мәселе Солтүстік Қазақстан облысының Тимирязев ауданы, Ақмола облысының Жақсы мен Жарқайың аудандарында тіркелді. Ал Қарағанды облысының шаруалары бидай егістіктерінде арамшөптің көптігіне шағымданған. Астық шығымының нақты өнімнен айырмашылығы 2-ден 10 центнерге дейін (мысалы, Солтүстік Қазақстан облысы, Аққайың ауданы) жетті. Ақкөл ауданындағы шаруалар 12 ц-ның орнына 8 ц ғана өнім алды. Ақмола облысы Целиноград ауданында 7-9 ц-дан 3 ц ғана жиналды.
Кеш себілген дақылдар ғана айтарлықтай нәтиже көрсетті. Алайда маусым айының басындағы өсімдіктер Ақмола облысының егістіктерінде бидайдың төмен нәтижесі – 3ц-ға жетті. Бұған қыркүйек айындағы жауын-шашынның себеп болғанын айта кеткен жөн. Салдарынан глютен 25%-ға дейін төмендеді. Егін жинау науқаны кезінде жекелеген аудандарға жауын-шашын кедергі келтірді. Шілденің екінші жартысында жауын-шашыннан кейін өсе бастаған дақылдарды диқандар қазан айының соңына дейін егістікте қалдыруға мәжбүр болды (Ақмола облысының Астрахан ауданы).
2022 жылғы шолуда Қазақстан астықты үш өңірдің арқасында қырманын молынан толтырғаны айтылады. Ал былтыр жаздың аптап ыстығынан маусымдар уақытынан кешігіп, атмосфералық аномалия байқалды. Себебі еліміздің оңтүстік және шығыс аймақтары қуаңшылық пен өрттен көз ашпаса, батыс өңірде бір айлық жауын-шашын нормасы бір күнде жауып, ауыл шаруашылығын айтарлықтай күйретіп кетті. Зардап шеккен шаруа қожалықтары мен фермерлер «жоспарымыз орындалмады» деп күйінді.
«28 күн бойы толассыз жауған жаңбырдан бидайды сақтап қалу мүмкін болмай, шығынға ұшырадық. 1200 тоннасын ғана кептіріп үлгердік. Ал оған техниканы өзіміз сатып алдық. Үкіметтен ешқандай қолдау болған жоқ», – дейді саналы ғұмырының 25 жылын ауыл шаруашылығына арнаған «Комсомол» ЖШС бас директоры Виталий Волынец.
Оның айтуынша, астық кептіретін аппарат дизелмен жұмыс істейді. Оның барлығы – шығын. Климаттың құбылуы сапалы өнім алудан бұрын, егіннің өсіп шығуына мүмкіндік бермеді. Ал салалық министрліктен бөлінген қаржы химиялық дәрілерге жұмсалған екен, ол дәрілерден де пайда болмапты.
«Табиғаттың тосын мінезіне ешкім жауап бере алмайтынын түсінеміз, бірақ билік шаруа қожалықтарының жылда қайталанатын проблемасын шешіп берсе екен дейміз. Кептіргіш аппараттар мен егін алқабында жұмыс істеуге сапалы технология алуға арнайы субсидия бөлгенін және ол субсидияның қолжетімді болғанын қалаймыз», – дейді В.Волынец.
Ақтөбе облыстық Ауыл шаруашылығы және жер қатынастары басқармасының бөлім басшысы Нұрбек Райымбаев егін жинау науқаны ауа райының қолайсыздығына байланысты астық өндіруші шаруашылықтар үшін қиын болғанын растады.
«Тамыз-қазан айларында толассыз жауған жауын-шашын егін жинау қарқынын бәсеңдетті. Әсіресе облыстағы негізгі астық өндіруші Әйтеке би ауданында жағдай қиын болды. Ауданда жауын-шашын тоқтаусыз жауып, егін жинауға кедергі көбейді. Әйтеке би ауданында жауын айлық нормадан тамызда – 136,6%, қыркүйекте – 404,1%, қазан айында – 218,2% артық түсті. Артық ылғал егістіктегі дәннің масақтан өнуіне зиянын тигізіп, астық сапасын төмендетті», – дейді Райымбаев.
Ауыл шаруашылығы министрі Айдарбек Сапаров 2023 жылғы 19 қыркүйекте өткен Үкімет отырысында астық егетін аймақтарда 3 аптадан астам уақытқа созылған жауын-шашын астық сапасының нашарлауына, өніп кетуіне, жоғары ылғал мен рефакцияға және дәнді дақылдардың төмен өнімділігіне әкеліп соқтырғанын мәлімдеді. Қазақстандағы климаттың құбылуы шаруаларды қуаңшылықпен де, толассыз жаңбырмен де қажытып жіберді. Бұл мәселені қалай шешкен ләзім?
Маусымдар араласып кетті
Дүниежүзі метеорологиялық ұйымы ғаламдық жылыну алдағы онжылдықтарда да жалғасатынын, климат өзгерісінің салдарынан мұздықтардың көп бөлігінен айырылып қалуымыз мүмкін екенін айтып дабыл қаққанына аз болған жоқ. Былтырғы желтоқсанда Испанияға жаз келіп, рекорд тіркелді. Ғалымдар осындай жағдай 80 жыл бұрын болғанын еске түсірді. Қыс мезгіліндегі +30 градус температура халық үшін қолайлы көрінгенімен, ауыл шаруашылығы мен ел экономикасына, мемлекет үшін қыруар шығын әкеледі. Қуаңшылықта жылу іздейтін жәндіктер мен құстар саны артып, жаһандық құбылыстың әсері су тапшылығын арттырады.
Қазақстан үшін су тапшылығы мәселесі күн тәртібінде тұрғаны рас. «Орталық Азияда қандай да бір қақтығыс болса, ол су тапшылығы үшін болатын соғыс» деген Д.Фрейдман болжамын да ұмытпаған жөн.
Президенттің 2025 жылға дейін 2 млрд түп ағаш отырғызу туралы тапсырмасы бар. Ал ол ағашты қалай суарамыз, қайдан су аламыз? Әрине, бұл мәселені дамбы соғып, су қорын жинау арқылы шешуге болар еді. Бірақ оның инфрақұрылымын іске қосқанға дейін аймаққа жаңбыр жаумаса, бәрі бекер. Онда жан-жануардың шөлден қырылмауы үшін, бастысы, ауа тазалығын қамтамасыз етуіміз үшін қандай амал керек? Бұл жерде Central Asian Center of Climate Change Technologies компаниясының атмосфера деңгейін жасанды жаңбыр арқылы қалпына келтіру технологиясын тілге тиек еткіміз келеді. Ол үшін, әуелі, бұл қандай технология дегенге тоқталған жөн секілді. Жасанды жолмен жаңбыр жауғызу технологиясы атмосфераны табиғи жаңбыр жауатын кездегі ортаны жасанды жолмен қалыптастырады. Мұны атмосфераға теріс иондар ағымын жіберіп, ылғал мөлшерін көбейту арқылы жасайды.
Central Asian Center of Climate Change Technologies компаниясының бас директоры Алтай Айнабектің айтуынша, оған ешқандай химиялық қоспа қолданылмайды. Табиғи жаңбырдан айырмасы жоқ. Аспанға иондарды Clear SkyManager деп аталатын кешен жіберіп отырады. Айта кетейік, жасанды жаңбыр технологиясын шет мемлекеттер де қолданып жүр.
«Бүгінгі таңда жасанды жаңбыр жаудырудың түрлі жолы бар. Иондау процесін дрон арқылы істейтіндер де жоқ емес. Біздің құрылғы тек стационарда жұмыс істейді. Бұлттар қозғалысына, ылғалдың көбеюіне қарасақ, табиғаттың мұндай жағдайға үйреніп келе жатқаны байқалады. Табиғат теріс иондарға жақсы реакция беріп жатыр. Жасанды жаңбыр жаудыру технологиясы тұрақты жұмыс істеп тұрса, климат та соған бейімделе бастайды», – деді ол.
Алтай Айнабектің айтуынша, «2030 жылы Орталық Азияда максимал температура 2500С-қа дейін барады» деген ғалымдар зерттеуі бар.
«Былтырғы аптап ыстық күзге дейін сақталды. Біз бұдан маусымдар араласуын байқаймыз. Бұл, бір қарағанда, қауіпті болып көрінбеуі мүмкін, алайда табиғаттағы тепе-теңдіктің бұзылуы түбінде апатқа алып келеді. Атмосферада үздіксіз циркуляция жүретіні сияқты, судың да циркуляциясы болады. Кезінде Арал теңізінде мол су болды. Су булану арқылы мұхитқа құйылады. Мұхитқа түскен бу күйіндегі суда бір мезгілде атмосферада 10 триллион тонна су болады. Бұл – 1 гектардың ішінде шамамен 200 тонна су бар деген сөз. 1 жылда жер планетасына 500 мың шаршы шақырым су жауын-шашын күйінде түседі. Ол, шамамен, 7 Каспий теңізіне тең.Оның 80 пайызы мұхитқа құйылады. Ал мұхиттан алыс орналасқан Орталық Азия сияқты елдерде су тапшылығы байқалады», – дейді А.Айнабек.
Оның сөзіне қарағанда, бұл технология арқылы жерасты суын да көбейтуге болады. Мысалы, жасанды жаңбыр жаудырушы компанияға Аралға, кем дегенде, 100%-ға дейін жауын-шашын мөлшерін арттыруды көздеп отыр. Жылдық есептік көрсеткіштен аймақта кемінде 30 пайыздық жауын-шашын деңгейін көтеруді мақсат етіпті.
«Бұл басқа перифериялық облыстарға да әсер етеді. Орталық Қазақстан, Солтүстік, Батыс, Ақтөбе, сондай-ақ Қазақстанның солтүстігіндегі астықты өлкелердің зардап шеккенін білеміз. Оларға да тиімділігі болады», – дейді Алтай Айнабек.
Аталған технологияға қатысты эколог мамандардың пікірі әралуан болып шықты. Мысалы, «Маңғыстау Эко» үкіметтік емес ұйымының жетекшісі Кирилл Осин жасанды жолмен жаңбыр жауғызуды қуаңшылық кезіндегі жағдайды өзгертуге көмектесетін бірегей жоба деп санайды.
«Бұл технология әртүрлі климаттық өзгерістер жиі болатын елдерде қолданылады. Өкінішке қарай, Қазақстанда мұндай ұсыныс бұрын-соңды болмаған. Әлемдік тәжірибе бұл технологияның қоршаған ортаға ешқандай залалы жоқ екенін көрсетіп отыр», – деген пікір білдірген.
Ал «Тәжірибешіл экологтар қауымдастығының» жетекшісі Лаура Маликованың айтуынша, адамның табиғат заңына жасанды жолмен араласуы аномалды температураға алып келуі мүмкін.
«Биыл Қазақстан бойынша температураның ығысқанын көрдік. Мысалы, Маңғыстау облысында маусым айының басында температура төмен болды. Ал Шығыс Қазақстан жақта, Семей орманы территориясында, Астанада ауа температурасының 30 С-қа көтерілгенін көрдік. Негізінен орталық, шығыс, батыс өңірлерінде мұндай температура болмауға тиіс. Пайымдауымызша (ескерте кетейін, бірақ бұл дәлелденген нәрсе емес –Л.Маликова), адамның табиғат заңына жасанды жолмен араласуы аномалды температураға алып келуі мүмкін деген болжам бар. Сол себепті мұндай технологияларды пайдалануды заңнамалық тұрғыда реттеуіміз керек. Бізде оған не рұқсат берілмеген, не тыйым салынбаған. Экологиялық кодекске заңнамалық тұрғыда технологиялардың пайдалану шарттары, нормалары белгіленіп, климаттың өзгерісі, жасанды жаңбыр жауғызуға байланысты арнайы бап керек. Кез келген табиғат процесіне жасанды жолмен араласу – қандай да бір салдарсыз өтпейді. Аралды құтқарамыз деп, бүкіл Қазақстанға зардабын тигізіп алудан сақтануымыз керек», – деген пікір білдірді.
Лаура Маликованың пікірі – назар аударуға тұрарлық ұсыныс. Біз Алтай Айнабекке осыған қатысты сауалымызды қойып көрдік. Оның айтуынша, көп елде бұл жұмыс түрі лицензияланбайды. Себебі әлемде енді ғана енгізіліп жатқан балама технология. Сондықтан Қазақстанда да бұл жұмыс түрі лицензиялауға жатпайды, сертификат та берілмейді.
«Белгияда орналасқан еуропалық DeNayer зертханасының «Технологияның қоршаған ортаға кері әсері жоқ» деген қорытындысы жазылған сертификатымыз бар. БҰҰ-ның «Әскери немесе әртүрлі жауласудағы табиғи ортаға әсер ететін құралдарды пайдалануға тыйым салу туралы конвенциясы» (1977 жылы) бар. Технология сол конвенцияға қайшы келмейді. Қазіргі таңда еуразиялық патент алып, Қазақстанның бірнеше университетімен ғылыми жобалар жүргізіп жатырмыз», – дейді ол.
Қуаңшылықтан зардап шеккен өңірге жасанды жаңбыр жауғызу технологиясын қолдандық делік, ал толассыз жауын астында қалған астық жарамсыз болып қалмасы үшін қандай шешім бар?
Ауыл шаруашылығы ғылымдарының кандидаты, Сәкен Сейфуллин атындағы Агротехникалық университетінің Егіншілік және өсімдік шаруашылығы кафедрасының қауымдастырылған профессоры Бауыржан Әрінов бұл сұрағымызға былай деп жауап берді.
«Астықты жинау уақытында, ең алдымен өнімнің пісіп-жетілу кезеңіне жіті мән беруіміз керек. Жаңбырдың көп түсуі себепті өнім толық пісіп жетілмесе, әртүрлі химиялық дәрілер көмегімен оның сабағын қуратып тастау әдістерін қолданған жөн. Ылғал мөлшері 20 пайыздан төмен болса, жинай беруге болады. Ал одан жоғары болса, түрлі кептіргіш машина аппараттарының көмегімен өнімді сақтап қалуға тырысу қажет. Одан соң ауа райын көпжылдық климаттық көрсеткіштерді бақылайтын агроном мамандар дәннің ерте не кеш себу мерзімінен жаңылмауға тиіс. Себебі Қазақстанның Солтүстік аймақтарында 10-11 жылдық цикл қайталанып тұрады. Соңғы жылдары бұл көрсеткіш 8 жылдық циклге ауысқанын байқап отырмыз. Бидайдың пісіп-жетілуінің алғашқы кезеңінде ылғал тым көп болса, дестеге шабу әдісі – таптырмас тәсіл. Биохимиялық процесс кезінде екпіндете желдетіп, өнім құнарлығын жойып алмауға күш салған жөн», – деді Бауыржан Әрінов.
Жер қызуын қалай басамыз?
БҰҰ-ның Дубайда өткен Климат жөніндегі дүниежүзілік саммитте Климат қорғау жөніндегі еурокомиссар Вопке Хукстра жер қызуы көтеріліп барады, тез арада қазба-отыннан бас тартып, экологияның бұдан әрі ластануына жол бермеуіміз керек деп мәлімдеді.
Климаттың өзгеруіне, қоршаған ортаның ластануына әсер етуші фактордың бірі – қазба-отынның ашық аспан астында өндірілуі. Экономикасы мұнай мен газға, қара алтын мен метанға тәуелді Қазақстан ауаны ластаушы заттардан бір сәтте де бас тарта алмайтыны рас.
ҚР Экология және табиғи ресурстар министрлігі Экологиялық реттеу және бақылау комитеті төрағасының міндетін атқарушы Айдар Абдуалиевтіңелдегі экологиялық ахуал жайында берген есебінде: «2022 жылы елімізде ластаушы заттар шығарындыларының жалпы көлемі – 4,2 млн тонна болғанын, бұл 2021 жылдан 200 мың тоннаға аз екенін хабарлап, «Эмиссияларды реттеу шеңберінде 2023 жылға арналған шығарындылар лимитін төмендетуге қол жеткіздік», – деді. Мысалы, «АрселорМиттал Теміртау» АҚ (қазіргі ҚарМет) шығарындылар лимиті – 39 мың тоннаға, «СНПС-Ақтөбе мұнай-газ» АҚ – 5 мың тоннаға, «Теңізшевроил» ЖШС – 1 мың тоннаға азайған. Комитеттің аумақтық департаменттері былтыр шаруашылық жүргізуші субьектілердің экологиялық заңнаманы сақтау жұмысына 1627 тексеру жүргізіп, 5,8 млрд теңге көлемінде айыппұл салған. Мемлекет кірісіне 4,4 млрд теңге әкімшілік айыппұл өндірілген.
Экологтар болса, айыппұл салу мәселенің шешімі емес екенін айтады. Себебі алпауыт компаниялар үшін айыппұл төлеу аса қиын шаруа емес. Ал олар ластаған ауамен тыныс алатын тіршілік иесі – адамдар, жан-жануарлар мен өсімдіктер әлемі тұншыққан үстіне тұншыға береді.
«Мемлекет өндіріс орындарына миллиардтаған айыппұл салумен шектелмеуі керек, себебі бұдан қарапайым халық зардап шегеді. Ауадағы ластаушы заттардың көптігіне байланысты көмірқышқыл газының концентрациясы көбейіп, күннің қайта шағылуы нашарлады, планета жылынды, климат өзгеріп, ауа райында аномалия көрініс тапты. Жаңбыр мен қардың айлық нормасының бір күнде жаууы сияқты құбылыстар – соның салдары. Қазір жарты ғасырлық процестің зардабын тартып жатырмыз. Сондықтан, әсіресе дамушы елдер осы бағытта жұмыс істеуі керек. Барынша энергияның қазба түрінен бас тартып, ауадағы көмірқышқыл газын азайтуға тиіс»,– дейді эколог Лаура Маликова.
Біз ұсынатын бес шешім:
Климат өзгеруінен туындайтын проблема өзекті әрі ауқымды. Біз соның ішінде егін шаруашылығына ықпалы туралы талдадық, мәселені шешудің жолын қарастырдық. Тоқсан ауыз сөздің тобықтай түйіні ретінде бес шешім ұсынуды жөн көрдік. Бұл бөлімде БІЗ сөзі бекер қолданылған жоқ. Бұл ұсыныс сала сарапшылары мен шаруашылық басшыларының, сала мамандарының пікірлері ескеріліп жасалды.
Сонымен, бірінші шешім: шаруалар ауыл шаруашылығы ыңғайлы өңірлерге қарай ығысуы керек. Ол үшін алдымен, әр әкімшілік өз облысындағы даму жоспарына өзгерту мен толықтыру енгізуі тиіс. Мал шаруашылығымен не егінмен айналысуға қолайлы болатынын не болмайтынын ашық түсіндіру қажет. «Мысалы, Маңғыстауға барып мал өсіремін деу – ақылға қонымсыз. Ол шөп көп шығатын Ақтөбе не Қостанай, Солтүстік Қазақстан емес. Алматы облысының шаруалары Солтүстік, орталық өңірлерге қарай ығысып жатыр. Бұл экономикалық ахуалдың жақсаруы үшін де тиімді жол» деген Лаура Маликованың сөзін қолдаймыз.
Екінші шешім: астық өсірумен айналысатын шаруашылықтарға астық кептіретін аппараттарды алуға субсидия қарастыру. Себебі былтыр жауын-шашынның астында қалған астықты кептіруге елдегі элеваторлардың қуаты жетпеді. Шағын кептіргіш аппаратын сатып алған шаруашылықтардың да астықты шашау шығармай кептіріп алуға шамасы келмеді.
Үшінші шешім: Экология министрлігінің ерік-жігері сынға түсетін сәт. Қуаңшылық кезінде ауыл шаруашылығы мамандарының жұмысы құлдырамас үшін Экологиялық кодексте жасанды жаңбыр жауғызу технологиясына арналған арнайы бап енгізу қолға алынса...
Төртінші шешім: метеорологтар климат өзгеруінен ауыл шаруашылығына келетін залалды азайту үшін жауын-шашын, жел мен ылғалды, бұлтты күнді көрсететін 14 күндік ауа райы болжамы дәлме-дәл жасалуы керек. Себебі ол шаруалардың гербицидтер мен тыңайтқыштар енгізу, егу, жинау тағы сол сияқты жұмыс процестерін алдын ала жоспарлауға мүмкіндік береді.
Бесінші шешім энергияның қазба түрінен бас тартуға байланысты. Бұл бағытта Қазақстан 2013 жылы «Жасыл экономикаға» көшу жөніндегі тұжырымдамасын қабылдаған. Тұжырымдамаға сәйкес, 2020-2030 жылдары қалыптасқан «жасыл» инфрақұрылым базасында суды ұқыпты пайдалануға, жаңартылатын энергетика технологияларын дамытуды көтермелеп, ынталандыруға және оны кеңінен пайдалануға, сондай-ақ құрылыстарды энергия тиімділігінің жоғары стандарттары базасында салуға бағдарланған ұлттық экономиканы жаңарту басталуы керек еді. Осы жұмыс қаншалықты жүзеге асып жатқаны туралы мониторинг жүргізуді ұсынамыз. Мониторинг – мәселенің шешімі емес деген күннің өзінде, біз он жыл бұрынғы жоспардың қаншалықты орындалғанын бағалап қана әрекет ете аламыз.
Спикерлердің фотосуреттері респонденттердің жеке архивінен алынды.