Елді қорқытып, мүлік, ақша талап еткен адвокат сотталды
Жаңақорған аудандық сотының үкімімен адвокаттар алқасының адвокаты 5 жылға бас бостандығынан айырылды. Ол мектеп пен білім бөлімінің бас есепшілерін қорқытып, ақша талап еткен, деп хабарлайды Qaz365.kz.
Қызылорда облыстық прокуратурасының баспасөз қызметінің мәліметінше, күдікті бірнеше рет бөтеннің мүлкін мәжбүрлі түрде талап еткен, талабы орындалмаған жағдайда жәбiрленушiге немесе олардың жақындарына елеулі зиян келтiруi мүмкiн мәлiметтердi тарататынын айтқан.
О.Курбановқа қылмыстық кодекстің 194-бабы 3-бөлігі 2-тармағы (ірi мөлшерде мүлiк алу мақсатында қорқытып алушылық) бойынша айып тағылған.
Адвокат О.Курбанов 13 мектептің және аудандық білім бөлімінің бас есепшілерінен 6 млн 900 мың теңге талап етіп, бермеген жағдайда облыстық ішкі мемлекеттік аудит департаментіне арызданатынын, одан әрі қылмыстық іс қозғалып, салдарынан ауданның абыройы түсетінін алға тартқан.
«Сотталған адамның кінәсі сот залында жан-жақты, толық, объектив бағаланып, қылмыстық іс материалдары оған толық дәлел болды.
О.Курбанов пен оның адвокаты 11 қаңтарда шешімді апелляцияға беріп, шағым қаралды. Үкім өзгеріссіз, шағым қанағаттандырусыз қалдырылды», – деп хабарлады Қызылорда облыстық прокуратурасының баспасөз қызметі.
Сот алқасы сот үкімі заңды және орынды, оның күшін жоюға немесе өзгертуге негіз жоқ деп шешті.
Сот үкімі заңды күшіне енді.