Әлеуметтік желіде Алматыдағы балабақшалардың бірінде бүлдіршіннің таяқ жеген видеосы тарап кетті
Әлеуметтік желіде Алматыдағы балабақшалардың бірінде бүлдіршіннің таяқ жеген видеосы тарап кетті. Зардап шеккен баланың ата-анасының сөзіне қарағанда, 2024 жылғы 21 ақпанда болған. Қазір кішкентай бала мидың шайқалуы деген диагнозбен ауруханада жатыр. Алматы қалалық Білім басқармасындағылар тәрбиешіге қатысты қатаң сөгіс жарияланғанын мәлімдеді. Бүлдіршіндердің мұндай қатігездікке баруына не себеп болуы мүмкін? Осы жөнінде Qaz365.kz тілшісі педагог Елжас Ертайұлының пікірін сұраған еді.
«Бұл жерде педагогиканың бірнеше қағидасымен талдау жасауға болады. Үшеуін айтып өтейін. Біріншісі, агрессия көрген бала агрессия туындатады деген қағида бар. Бала өзі айналасынан, қоршаған ортадан сондай агрессия көретін болса, өзі де ішіне жиналған энергияны әлсіз балаларға көрсетуге тырысады. Мұндайды көбіне ата-ана мен тәрбиешісінен алады. Іште жиналған агрессия көп тұра алмайды. Барынша сыртқа шығаруға тырысады. Ересектер тәрбиелі болмаған қоғамда балалардың тәрбиелі болуы қиын. Ересектерге қарайтын болсақ, агрессияларын шығару оңай. Мысалы, қарапайым жолда біреу жол бермесе, шыға салып айғайға басады. Аямай бірін-бірін ұру, отбасындағы біреуді ұру ішкі агрессияларын шығарып алады. Ал мұны көрген бала осындай өмір салтына қалыптасады», – дейді Елжас Ертайұлы.
Ол екіншіден ата-аналардың балаларға беретін насихаты қатты әсер етеді деп отыр.
«Өкінішке қарай, баланы қорғаймыз деген мақсатпен ұруды насихаттап кетіп жатады. Егер біреу саған тиіссе, аяма, көкесін көрсет деген секілді оймен спортқа жібереді. Спорт үйірмелеріне де баланы салауатты өмір салтын ұстану үшін емес, өзін-өзі қорғау үшін спортқа береді. Құлағына құйып, айта берген соң, бұл да өзінің кері әсерін тигізеді. Өрт секілді бастап аламыз да, аяқталатын жерін білмейміз. Шешу қолымыздан келмейді. Бастапқыда балаға өзіңді қорғауды құлағына құямыз, алайда өрт секілді белгілі бір уақыттан кейін бағынбайтын күшке айналады. Басқаларға зорлық-зомбылық көрсетуге алып баруы мүмкін. Сондықтан ата-аналарға насихаттап жүретін жұмысым – баланы жағымсыз әрекеттерге баулымау. Ол мәселенің шешімі бола алмайды. Тек баланы тұлға ретінде құрметтеп, өз-өзін қорғайтын ішкі күшін жоймасақ жетіп жатыр. Көбінесе, ішкі күшін жойып тастағандықтан, сырттан қосымша әдістер үйретіп жатамыз», – дейді педагог.
Ол үшіншісі контент мәселесі екенін айтады. Яғни балалардың тұтынып жатқан дүниесі.
«Өкінішке қарай, бақылау болмаған кезде осындай нәрселерге жол ашады. Балалар арнасындағы мультфильмдердің өзін қарасаң, қазақша болғаны болмаса, агрессия толып жатыр. Мультфильм, ойнаған ойындар балаларға әсер етеді. Балалардың тепкені мен ұрғаны қарасаң, кәдімгі спорттық әдістерді қолданып жатқанын байқауға болады. Бір үйірмеге барғаннан немесе арнайы ойындардан үйреніп алғаны анық. Сондықтан балалардың да көріп жүрген контентін де ата-ана бақылауда ұстау керек», – дейді Елжас Ертайұлы.