Ана тілін ұмытпаған: Вена қазағы желі қолданушыларын тәнті етті

Qaz365.kz редакциясы

Желіде шетелде тұратын қазақ ақсақалдарының видеосы тарады

Видеодан скриншоттар

Әлеуметтік желіде Түркияда жүрген шетелде тұратын қазақтардың видеосы тарады, деп хабарлайды Qaz365.kz.

Қайша Керей есімді желі қолданушысы Стамбулдың Зейтинбурну ауданында қыдырып жүрген қандастардың видеосын жүктеп, олармен кішігірім сұхбат құрды. Видеодағы ерекше кейіпкердің бірі ұзақ жылдан бері Еуропада тұратын ер адам. 

«Мен Аустрия, Венада тұрамын. 47 жылдан бері. Руым – керей, Зуха батырдың немерелері боламыз. Өзім осы Түркияда оқып, 27 жасымда кеттім Венаға. Қазақша мектеп оқыған жоқпын, қазақшаны әке-шешемізден және өзім хобби қылып, өлең жинақтарын жасаймын, елу мың видео жасадым, содан үйрендім», – деді Қадыс есімді Аустрияда тұратын қандасымыз.

Ақсақал Түркияға келу себебін де атап өтті.

«Қазір пенсияға шығып, осында қыдырып келдім, осында жүргеніме 3 ай болды. 2 ұлым бар. Сонда туып, сонда өсті (Венада). Осы Түркияда қазақ құдаларым бар, сол осы жердің қазақ қызына үйленді. Құдаларым – найман мен қарақас-керейлер», – деді ол.

Ол Қазақстанға жиі баратынын айтты.

«Қазақстанға екі ай бұрын барып келдім, Алматы, Астанаға. Қаражорға ойнап қайтып келеміз. Мен өзім сауықшыл адаммын. Ойын, би, өлеңді жақсы көремін. Жасым 72-де. Есімім – Қадыс», – деді кейіпкер.

Видео соңында «енді осы бульвардың әртісі мен боламын» деп қалжыңдап қойды.

Сондай-ақ ол Венада бесінші айда құрылтай болатынын айтып, видео авторын сол жерге шақырды.

Желі қолданушыларының пікірлеріне қарап, ақсақалдың әңгімесіне тәнті болғанын байқауға болады.

«Зейтинбурну Алматыға айналып кетті», «Шетелдегі қазақтардың бәрі қазақша сөйлейді», «Керемет, қазақ қайда болса да осындай намысты болсын», – деп жазды желі қолданушылары.