Анасын іздеген Жәнібек жетім балалардың ата-анасын табуға көмектесетін жоба бастамақ

Qaz365.kz редакциясы

Ол бүгін Астанада шараға қатысты

Скриншот

Астанада өткен «Мың алғыс» мерекелік шарасына анасын іздеген Жәнібек те келді. Ол жұрт алдында сөз сөйлеп, жетім балалардың ата-анасын табуға көмектесетін жоба бастайтынын айтты, деп хабарлайды Qaz365.kz.

Желтоқсан айынан бастап Қазақ радиосының «Бармысың, бауырым?» хабары арқылы биологиялық анасын іздеген Жәнібектің хикаясы 2001-2002 жылдары Арқалықта туған тағы 4 баланың анасымен қауышуына түрткі болды.

«Қазақстанға келгенде анамды бірден тауып аламын деп ойладым, бірақ бұл мен ойлағаннан қиынырақ болып шықты. Менің оқиғам 4 баланың анасын табуға көмектескеніне қуаныштымын. Бұл менің де анам табылатынына үміт сыйлайды. Қазақстандық достарым көбейді, алдағы уақытта жетім балалардың ата-анасын табуға көмектесетін бір жоба бастағалы жатырмын», – дейді Жәнібек.

Журналист Қымбат Досжан Жәнібектің анасын тауып, осы жерде табуға нәсіп етсін деп тілек тіледі.

Айта кетейік, 21 жастағы Эдди Жанға дүниеге келгенде Жәнібек деген есім берілген екен. Алайда қазір Эдди Жан өзін Мұрат деп атайды. «Бармысың, бауырым?» хабарының жүргізушісі Қымбат Досжан оған анасын табуға көмектесіп жүр.

Еске салайық, Жәнібек Қазақстанға келіп, анасын іздеп, таппай кеткен. Оның есімі бүкіл елге тарап, анасының табылуына бүкіл ел тілекші болып отыр.