Асылы Осман: Өткенге топырақ шашсаң, келешек тас лақтырады

Жұлдыз Әбіл

Патриотизмнің ең жақсы, жарқын үлгісі – ол жас, мейлі кәрі болсын өз ұлтының адами асыл қасиетін бойына сіңіруден бастау алады

Egemen.kz

Өскелең ұрпақтың рухани құндылыққа бай, отаншыл болуы үшін не істемек керек? Ел тәуелсіздігін алғаннан бері осы мәселе айтылудан кенде емес.Алайда әлі бір жолға қойылмай келеді.

Үкімет тарапынан патриотизмді дамыту күн тәрбінде тұрғанымен, жастарға жете түсіндіре алдық па? Осы мәселе төңірегінде Qaz365.kz тілшісі   қоғам қайраткері, Қазақстан Халқы Ассамблеясының белсенді мүшесі Асылы Османмен тілдескен едік.

– Асылы апай, Сізді қазақтың тілі мен дәстүрін, елі мен жерін, ұлттың өзін қазақтан артық сүйетін тұлға ретінде құрметтейміз. Осы болмысыңызбен көпке үлгісіз. Сіздің ойыңызша, патриотизмнің ең жарқын үлгісі қандай болу керек?
– Патриотизмнің ең жақсы, жарқын үлгісі – ол жас, мейлі кәрі болсын өз ұлтының адами асыл қасиетін бойына сіңіруден бастау алады. Ал оны санасына орнықтыратын көмейдегі сөз бенен таңдайдағы тіл ғана. Егер тіл – ұлттың жаны болатын болса, рухының үні ең құнды дүниесінің алтын қоймасы. Ал, сол тілдің де жаны бар. Ол – сөз. Тіл – киелі. Сөз – құдірет. Осы арқылы егер бала ұлтының бойындағы қасиетті білсе, сіңірсе, сонда ғана оған патриоттық сезім дариды. Ұлтына, ата-анасына, еліне, жеріне деген сүйіспеншіліктен – нағыз патриоттық сезімі оянады. Ал патриоттық деген – тәрбиеден бастау алады. Тәрбие ұлттық рухта болу керек. Әрбір баланың бойында ата-бабасынан келе жатқан ұлттық рух жоғалмауға тиіс. Ол рухты ананың әлдиіменен, бесік жырыменен, әжелерінің алақанының сылап-сыйпауыменен, әкесінің қамқорлығыменен оятамыз. Сол себепті де патриотизмнің қайнар бұлағы – отбасынан басталады.  Мұны жаттанды сөз ретінде қарамауымыз керек. Жас буынның жаһанда жүріп қана ел қадірін түсінбей, өз жерінде тұрып-ақ, патриот болуына ықпал етуге тиіспіз.

– Жастардың жат ағымның жетегінде кетпеуі үшін қандай шаралар қолданылуы керек? 

–  Бүгінгі таңдағы ең басты біздің кемшін тартып жатқан дүниеміз – тәрбие жоқ. Тәрбие – ол ұлттық болуы керек. «Ұлт тірегі – ұрпақ, тәрбие тіні – қыз» дейді қазақ. Сенің ұрпағың тірегің болатын болса, өскелең буынға ұлтқа тән қасиетті сіңіріп өсіруіміз керек. Қыз – тәрбиенің ошағы. «Бір ұл бір отбасын тәрбиелейді, қыз ұлтты тәрбиелейді».
«Ұл-қызыңа әдеп үйрет, білім бер,

Қос жалғанда нәсіп көріп, күлімдер» деп Ж.Баласағұн бабамыздың сөзін жиі айтамын. Сондағы әдеп деген не өзі? Бұған Ә.Бөкейхановтың ұлағатты сөзі жауап болады. Ол «Ұлтқа қызмет ету – білімнен емес, мінезден!» деп бекер айтпады. Мінезіңіз – сіздің тәрбиеңіз. Бойыңызға сіңірген ұлтыңызға тән сүйіспеншілік бәрі-бәрі – түбінде ата-бабамыздан келе жатқан әдетіміз бен ғұрпымызды, салтымыз бен дәстүрімізді сақтаудан бастау алады.

Өлді бәрі. Өлмеген көмейдегі сөз бенен таңдайдағы тіл ғана.

Ана деген сөзге тілі келмеген,

Ана болып жарытпайды қыз балаң!

Сүйем деген сөзге келмеген,

Сүйіктің боп жарытпайды ұл балаң!, – деген өлеңде қандай философия жатыр десеңізші?!  

Мен «темір тозады, адам өмірден озады»  деп жиі айтамын. Тарихты да, әдебиетті де, мәдениетті де, фольклорыңды да әрі қарай жеткізетін көмейдегі тіл менен таңдайдағы тіл ғана. Бүгінгі жастардың патриоттық сезімін арттыруымыз үшін ұлтымыздың бұрыннан мұра боп жеткен фольклорын, батырлар жырын, ата-бабадан келген ұлықты сөздер мен айтыстың кереметтігін өскелең ұрпақтың бойына сіңіріп қана қоймай, ұлықтау мен дәріптеуді тоқтатпауымыз керек. Жат ағымдардан арылуымыз үшін ата-бабамыздан келе жатқан құндылықты түсіндіруіміз керек. Оны қалай жүзеге асырамыз? Бізде үгіт-насихат деген жоқ. Қазақтың бойындағы адами асыл қасиетін өкінішке қарай сақтай алмай келе жатырмыз. Мінез-тұрқымыздан, өткенді сақтай отырып, жаңаға бейімделіп, алға ұмтылуға тиіспіз. Себебі өткенге топырақ шашсаң, келешек тас лақтырады...

– Қазақстан әлдеқашан этностық патриотизм сатысынан өткені белгілі. Ал мемлекеттік патриотизм мен ұлтжандылық мәселесінде әлі күнге дейін саналы тәрбие беру өзектілігін неліктен жоймай келеді?

– Жасыратын несі бар, мұның барлығы ең алдымен өз отбасымызда жоқ. Соның барлығы мемлекеттік тілімізді жетік білмегенімізден. Ұлттың жанын ұғасың, түсінесің, болмысына бойлайсың. Тілді білмеген адамда ұлтқа деген сезім болмайды. «Адамзаттың бәрін сүй, бауырым деп» құндылықты айқындап берген Абайдан асқан, одан артық басқа ешкім айта алған жоқ. Олай болатын болса, тәрбие – отбасынан басталуы керек. Тілдің қажеттілігін арттырмаймыз, не талап қоймаймыз, не сұраныс жоқ, не орта қалыптастырмаймыз, не оны өмірдің барлық саласында қолданбаймыз. Ал оған кім кінәлі? Әрине, отбасы. Бірақ бұған тек отбасыны ғана кінәлайын десем, жоғары жақта бұған талап жоқ. Мысалы, балаңызды шетелге оқуға жібересіз делік. Дүниежүзіндегі қиын тілдердің бірі – хинди, біреуі – қытай тілі. Соны бала бір жылда-ақ меңгеріп шығады. Не үшін? Қажеттілік туындағаннан. Бала егер тілді меңгермесе, оқи алмайды. Ол жердегі мұғалімнің талабы, сұранысы, орта қалыптасқандығынан да талпынады. Мемлекет басшысы тілге деген сұранысты арттырмай, бұл мәселе шешілмейді. Мәселен, жұмысқа қызметке аларда қазір орыс тілі мен ағылшын тілін талап етеді. Бірақ мемлекеттік тілді сұрамайды. Өкінішке қарай қазақтың тілі тек Қазақстанда ғана қолданылады. Өркениетті елдердің қатарына қосыламыз дейміз. Шүкір, Қазақстан дамып жатыр. Бірақ тілден артта қалып отыр. Ешбір елде біздікіндей проблема жоқ. Осы мәселеге жаным ауырады.

– Патриотизмді қалып­тас­тыру – мемлекеттік міндет екені даусыз. Президенттің «Болашаққа бағдар: Рухани жаңғыру» бағдарламасы бұл мәселені түбегейлі шеше ала ма?

– Рухани жаңғыру деген – керемет бағдарлама. Бірақ соны жүзеге асыруға келгенде біз өз дәрежесінде іске асыра алмай отырмыз. Тілдің өзінде бұрынғыға қарағанда алға жылжу бар. Сіз бенен менің еркін сөйлескеніміз – тәуелсіздіктің арқасы. Бірақ өмірдің барлық саласында қолданбай тұрмыз. Неге біз қазақтың ұлыларының сөзін бетке ұстамаймыз? Төле би:
 «Өзіңе-өзің кәміл бол!

Халқыңа әділ бол!

Жауыңа қатал бол!

Досыңа адал бол!», – дейді.

Әділеттік, шындық пен адалдыққа ештеңе жетпейді. Білімнің өзі адамға екі түрлі әдіспен дариды. Бірі – құлақ арқылы, екіншісі – жүрек арқылы. Құлаққа енген ұмыт болады, ал жүрекке енген мәңгі қалады. Өйткені бұл ниет, ықылас, пәктіктен сақталады. Рухани жаңғырудың толық орындалмай жатқаны шындық. Айтқан сөзіміз бен ісіміз қашанда сай болуы керек.

Кезінде «Тіл ортақ болмай, қоғам топтаспайды» деп мақала жаздым. Бәрімізді үйлестіріп, бір ортақ мүддеге бағыттайтын – тіл. Барлық нәрсе жүректің тазалығындай таза болуы ләзім. Елімізді, жерімізді шексіз сүйіп қана қоймай, ұлтшыл болуға тиіспіз. Ол өзге ұлт өкіліне қырың қарап, өз еліңді ғана жақсы көр деген сөз емес.

Қоғам мүддесі жеке бастың қамынан биік тұруға тиіс. Өзім қай кезде де мемлекетшіл болуды айтып та, жазып та жүрмін. Сонда ғана патриоттық сезім оянып, жастарымыз ұлтына берік, зерделі, саналы ұрпақ саны көбейеді. Мағжан ақын айтқандай, «Мен жастарға сенемін!».

– Уақыт бөліп, сұхбат бергеніңізге рақмет!