Қазақстанда жаңа ипотекалық бағдарлама пайда болады

Qaz365.kz редакциясы

7%-дық жаңа ипотекалық бағдарлама

Фото: Ақорда

Қазақстанда әлеуметтік тұрғыда осал топтағы жандар үшін жаңа ипотекалық бағдарлама пайда болады. Бұл туралы Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев айтты, деп хабарлайды Qaz365.kz.

«Баспана – жұрттың  тұрмыс сапасын танытатын тағы бір маңызды көрсеткіш. Биыл 1 наурыздан бастап іске қосылған «Отау» ипотекалық бағдарламасы ел ішінде үлкен сұранысқа ие болып отыр. Бұған қоса ауыл және аудан орталығының тұрғындарына арналған жаңа тұрғын үй бағдарламасын қолға алу керек. Бұл ретте әлеуметтік тұрғыда осал топтағы жандар үшін несие өсімі 7 пайыздан аспауы қажет. Сонымен қатар сатып алу құқығымен жалға берілетін баспана санын бірнеше есе көбейтуді Үкіметке тапсырамын», – деді Тоқаев.

Президент жаңа ипотекалық бағдарламаның елдегі құрылыс қарқынын арттыратынын атап өтті.

«Жеңілдетілген жаңа ипотеканың енгізілуі және жалға берілетін тұрғын үйдің көптеп салынуы құрылыс қарқынын арттырады. Құрылыс саласында жүз мыңдаған отандасымыз адал еңбек етіп жүр. Ең бастысы, бұл бағдарлама баспанаға мұқтаж көптеген адамның үй алуына жол ашады», – деді президент.