Жаңа заман талабына сай қайта өңделіп, көк байрағымыз көкке көтерілгенде, Әнұранымыз қатар қойылады
Жыл сайын Мемлекеттік рәміздер күні республика деңгейінде аталып өтіледі. Биыл Мемлекеттік рәміздерге – 32 жыл толмақ. Тәуелсіздік алғалы бері азаттықтың символы – қазақ елінің мақтанышына айналды десек артық айтқандығымыз емес. Мемлекеттің ортақ мүддесі үшін ел дамуына үлес қосып жатқан отаншыл жастардың көптігі көңіл қуантады. Әсіресе шетелде білім алып жүрген қазақтардың жат елде де бөлмесінің төріне көк байрағын іліп қоятыны соның айғағы.
Президентіміздің сарабдал саясаты – өскелең жастың жастайынан ұлттық болмысына берік, бірлігі бекем, мемлекеттің мүддесін ойлайтын азаматшылдардың санын арттыруға бағытталғаны айтпаса да түсінікті. Бұл ретте Мемлекет басшысы «Мемлекеттік рәміздерді пайдалану тәртібі жөніндегі заңнаманы күшейту маңызды. Сонымен бірге жастармен жан-жақты түсіндіру жұмысын жүргізген жөн. Бұл – бүкіл қоғамның міндеті. Мемлекеттік рәміздерді мазақ етуге, қорлауға, ешқашан жол бермеуіміз керек. Мұндай әрекеттерге барғандарды қатаң жазалаған жөн», – деп оның маңыздылығына тоқталған еді.
Отансүйгіштікті көрсету – туымызды жауырынға жауып, әнұранды орынсыз шырқай беруді көрсетпейді. Шынайы патриотизм ешкімнің насихатынсыз-ақ өз еркімен мемлекеттік рәміздерді құрметтеп, өзгеге үлгі бола білуден тұрады.
Президентіміздің жыл сайынғы Қазақстан Халқына Жолдауларында әрбір салаға қатысты бекітілген межелі міндеттердің нақты жоспары айтылғанда, ұлттық бірегейлік мәселесі де назардан тыс қалмайды.
Әр қазақ отбасында шынайы патриоттық тәрбие берілсе, әлемнің қай бұрышында жүрсе де, қазақтық болмысын жоғалтпайтыны сөзсіз. Ел мүддесі үшін алаштың намысын қорғаған талай спортшыларымыздың әлемдік аренадаға бақ сынап, көк туымызды көкке көтерді. Осылайша мерейімізді үстем етті. Бұл, әрине, Президентіміз айтқан ұлттық идеяның беріктігін білдіреді. Жат елде әнұранымыз шырқалғанда, оң қолын кеудесіне қойған спортшыларымыздың жүрегі тебіреніп, көзіне жас алған сәттеріне сан мәрте куә болдық. Міне, патриоттық деген – осындай қайталанбайтын, уақытпен өлшенбейтін, ерекше есте қалатын бір сәттік естеліктер болса керек.
Президентіміздің қатысуымен өтетін Ту көтеру рәсімі мен Әнұран орындау сәті қандай ғажап?! Республика бойынша мерейлі мерейтой қарсаңында флешмобтар ұйымдастырылып, авто-мото шерулермен қала көшелерінде байрағымызды желбіретін жүріп өтеді. Осы ретте Мемлекет басшысының «Тәуелсіздік бәрінен қымбат» деген мақаласы еске түседі. Қазақстанның мемлекеттік символикалары ерекше талғаммен құрылғанына ешкім сөз таластырмайды.
Қазақ тарихында Шәкен Ниязбеков, Жандарбек Мәлібеков, Шәмші Қалдаяқов, Жұмекен Нәжімиденов, Шәкен Ниязбеков, Шот-Аман секілді тұлғалардың есімдері алтын әріптермен қалады. Себебі 1992 жылы Мемлекеттің тудың 1200 эскизі, Әнұранның 750 нұсқасы, Елтаңбаның 245 сурет жобасынан жоғарыда аты аталған азаматтардың ғана есімі ең үздік деп танылды. Ел тарихына өлшеусіз үлес қосқан ардақты тұлғалардың еңбектері Қазақстанның мызғымас атрибуты болып таңдалды.
Ұлттың жанын, болмысын, терең тарихын, құнды қазынасын әдемі көрсете білген алаштың ұлдары осылайша ел мақтанышына айналды. Бүгінде жас та, еңкейген қария да ұрпаққа аманат боп қалған мұраның авторларының есімін жатқа біледі. Әрине, олар соған лайық та!
Мемлекеттік рәміздер мерекесінің дәстүр бойынша аталып өтіліп, өткен жылдардан ерекше насихатталуы – жастар арасында патриотизмді арттыруға сеп болып отыр. Өскелең ұрпақтың тәуелсіздіктің қадірін біліп, бейқам, мамыражай алаңсыз күй кешудің, азаттықтың ақ таңын көрудің бақыт екенін сезінуде. Нәтижесінде елімізде ұлтжанды азаматтар мен азаматшалар саны артуда.
Елтаңбамыз әлем бойынша әсемдігі жағынан 9-орынды иеленді. Бұл – әрине, қазақ елі үшін зор жетістік. Жасампаздыққа ұмтылған, өркениетті елдермен тең дәрежеде болу үшін жаңа стратегиялық жоспарлармен қадам басқан жас мемлекеттің небәрі 30 жылдан аса уақыт ішінде мұндай жетістік көрсетуі – қай елді болмасын қайран қалдырары анық. Саяси құндылықтарымыз бен әлеуметтік-мәдени жүйеміздің бекем болуының жемісі де осы болса керек. Біздің мақсат – оны лайықты деңгейде қолдау, насихаттау ғана.
Мемлекет басшысы осы мақсатты күн тәртібіне қойып, Мемлекеттік рәміздердің маңыздалығына тоқталуы да тегін емес. Елдігімізді алып, еңсе тіктегелі Ұлттық нышандарымызды насихаттау мәселесі маңыздылығын жоймақ емес. «Тәуелсіздік байрағы» атты мереке қарсаңында өтетін байқауда Мемлекеттік рәміздерімізге құрметі артқан, ұлттық болмысының қазақ болғанына мақтана алатын патриоттық сезімді шынайы сезінетіндер саны арта бермек.
Ұлттық намысын ойлаған жас буынның тарихи дәстүр сабақтастығын қалыптастыруға күш салатыны көңіл қуантады. Себебі Әнұранымыздың Жұмекен Нәжімеденовтың сөзіне жазылып, Шәмші Қалдаяқовтай композитордың әрлеген әуені рухымызды биіктетіп, мерейімізді көтереді.
Жаңа заман талабына сай қайта өңделіп, көк байрағымыз көкке көтерілгенде, Әнұранымыз қатар қойылады. Әуеннің құдіреті сол, күні бүгінге дейін әлемнің өзге ұлт өкілдерінің де бірге шырқап, қазақ тілінің тарихына, дәстүрі мен мәдениетіне, әдет-ғұрпына да қызығушылықтары артты.
Тәрбие бастауы – отбасы мен білім беру ошақтарында. Бұл ретте ҚР мемлекеттік нышандарының маңыздылығына байланысты түрлі білім ұйымдарында әдістемелік құралдар жасалып, дәрістер оқылады. Мемлекеттік рәміздерді наисхаттау бойынша жыл сайын республика бойынша байқаулар ұйымдастырылып, білім беру ошақтарында өскелең жастың отаншыл болуына түрлі шаралар өтеді. Мемлекеттік Рәміздерімізге деген құрметті басты орынға қойып, мерейлі мерекені атап өтетін іс-шаралардың көбейіп жатқаны – кезінде алаштың ұлт болып қалыптасуына күш салған Үш бәйтерегіміз мен Бес арыстың ақ үмітінің ақталғаны.