"15 жасар қызым зорланды" деген ана Президенттен көмек сұрады

Qaz365.kz редакциясы

Қыздың анасы жазған арызының екі аптадан бері қарастырылмай жатқанын айтады

Коллаж: Qaz365.kz

“15 жасар қызым зорланды” деген ана видео арқылы Президенттен көмек сұрады, деп хабарлайды Qaz365.kz.

Естеріңізде болса, 30 желтоқсан күні Шымкент қаласының тұрғыны кәмілетке толмаған қызының жоғалғаны туралы шағымданған болатын. Іздестіру жұмыстарының нәтижесінде полиция қызметкерлері жоғалған қызды 7 күннен соң, темір жол вокзалынан тапты. Қыздың айтуынша, үйден қашып кетуіне анасының ұрып-соғуы себеп болған.

Алайда заңгер Айгүл Орынбектің айтуынша, құзырлы орган қызметкерлері табылған қыздың зорланғанын жасырып қалған. 

Қыздың анасы Шымкент қаласының прокуратурасына жазған арызының екі аптадан бері қарастырылмай жатқанын айтып, Президенттен көмек сұрады.

“Алтысы күні арыз жаздым. Содан бері екі апта өтті. Ешкім жауап берген де жоқ, хабарласқан да жоқ. Экспертизаны бізге айтпай, өздері өткізген. “Қыз екен” деп айтты. Бірақ Айгүл ханым екеуміз өзіміз тексерттік. Қызым жақын арада зорланған болып шықты. Мына жақта бізге ешкім қарап жатқан жоқ. “Адам екен” деп жатқан жоқ. Бүгін прокуратураға барғанда, “сіздердің арыздарыңызды ешкім қарап жатқан жоқ” деді. Сізден көмек сұраймын, Қасым-Жомарт Тоқаев, көмектесіңізші”, – деді ана.