Қуыршақ театры бүлдіршіндерді адами асыл қасиеттерге үндейді
Алматы Мемлекеттік қуыршақ театры кішкентай бүлдіршіндерге ұлттық рух, қазақы дүниетаным, биік сана-сезім мен адами асыл қасиеттерге үндейтін қазыналы қойылымдар сахналауды негізгі мақсат санайды. Осы мақсатты жүзеге асыру барысында бүгінде театрдың репертуар қоржыны «Ер Төстік», «Қаңбақ шал», «Ұр, тоқпақ!», «Алтын адам», «Айко мен Срашко» қойылымдарымен толығып, көрермен көзайымына айналуда, деп хабарлайды Qaz365.kz.
Театр репертуарындағы ең көне қойылымдардың бірі және бірегейі, 40 жылдан астам уақыт бойы көрермендердің ыстық ықыласына бөленіп келе жатқан қазақ фольклорында өзіндік орны бөлек халық даналығының куәсі «Қаңбақ шал» ертегісі жас ұрпақты қарапайымдылыққа, ақыл мен адал еңбек етуге шақыратын тағылымды туынды.
Оқиға сюжетімен еліктіре, көңілді ән, ұтымды ойындар, тартымды интерактивтік бағытымен ғана емес, ұлттық салт-дәстүр, әдет-ғұрып, ырым-тыйымдармен қатар көнерген бұйымдар, аспаптар, құрал-жабдықтармен таныстыратын «Ұр, тоқпақ!» қойылымы халық ертегілерінің қайта жандануының жарқын көрінісі.
Туыстық байланыстардың жас ұрпақ өміріндегі орны, көпшілдік, мейірбандылық, кішіпейілділік, парасаттылық сынды ізгі қасиеттерге үндейтін әйгілі қазақ батырлар ертегісінің көне үлгісі «Ер Төстік» қойылымы да көрермен сұранысына ие қойылымдар қатарында. Халық тіліне өте бай қиял-ғажайып туынды сегіз ағасын іздеп шыққан Төстіктің ерлік сапарын баян етіп, барлық кедергілерді ақыл-айламен, жақсы мінезбен ғана жеңудің маңызын дәріптейді. Жаңашыл идея мен ұлттық құндылықтарды ортақтастыра ұсынылатын қойылым бүлдіршіндерді адал достыққа, отансүйгіштікке, қайырымдылық пен адамгершілікке тәрбиелейді. Сонымен қатар бүгінде ұмытылып бара жатқан Ер Төстік, Саққұлақ, Көлтауысар, Шойынқұлақ, Таусоғар, Желаяқ, Кенжекей сынды ұлттық дүниетаным мен қазақы таным-түсінікті насихаттайтын кейіпкерлер балалардың танымдық бағытта ой-өрісінің дамуына өз септігін тигізетіні анық.
Ұлттық нақыштағы декорациялар, реквизиттермен безендіріліп, ғасырлар бойы халқымыздың қуаныш-қайғысын күмбірлеген күйімен жеткізген домбыра аспабы және өн бойына қазақилық, ұлттық тіл, айшықты әуен тұнған шежірелі әндерімен ерекшеленетін «Айко мен Сташко» қойылымы көрермендерді күні бүгінге дейін нәзіктігі, қазақилығы, әдемілігімен баурап келеді.
Жетісу жерін мекендеген сақтардың көрнекті жас көсемі, Қазақстанның азаттық символына айналған тұлға – Алтын адам турасындағы қойылым тарихи деректер, тың ақпараттармен қатар қазақтың көші-қон өмірінің ажырамас бөлігі киіз үй, ұлттық қолөнер бұйымдары, қазақ батырлары қолданған жауынгерлік бес қару: семсер, айбалта, садақ, найза, шоқпар, ұлттық рух пен патриоттық тәрбиеге шақыратын жалаулар, кимешек, камзол, сәукеле, тақия, белбеу сынды ұлттық үлгідегі киім үлгілері, шашбау, сырға, шолпы, сақина, білезік секілді ұлттық сәндік бұйымдар көрініс табатын қойылымның мән мағынасы өте зор. Аталмыш қойылымда ұлттық би және ән арқылы көрермендерге киіз басу, ұршық иіру, жүн сабау элементтері кеңінен көрініс табады.
Ұлттық құндылықтар, ырым-тыйымдар, әдет-ғұрыптарды қойылымдар арқылы көрермен санасына сіңіріп, маңызды тақырыптарды көркем образдармен танытатын Мемлекеттік қуыршақ театры алдағы уақытта қазақы таным түсінік пен ұлттық кодымызды дәріптейтін «Алдар көсе», «Тазша бала», «Қорқыт» қойылымдарын сахналауды жоспарлауда.
Мәдениеттің алғашқы мектебі – Қуыршақ театрында жүздескенше!