Ерғали Бақаш: Ақын-жазушылардың көбінде мінез жоқ

Жұлдыз Әбіл

Мәдениет және ақпарат министрлігі соңғы жылдары кітап шығару ісін күшейтуді қолға алып, қаламгерлер үшін зор мүмкіндік беріп отыр

Фото: adebiportal.kz

Биылдан бастап, қаламгерлердің бір парақ жаңа туындысына 6 ең төменгі жалақы мөлшерінде грант төленеді. Орта есеппен алғанда, 165 беттік кітапқа 4 млн теңгеден астам қаламақы беріледі. Бұрындары қолжазбаларға қаламақы төленетін болса, енді оның орнына жаңа әдеби туындыларға арнайы грант тағайындалмақ. Аталмыш грант министрлік жанынан құрылған сараптамалық коммиссияның шешімімен жүзеге асады. Бұл туралы Мәдениет және ақпарат министрлігі Аида Балаева биылғы жылдың ақпан айында хабарлаған болатын, деп хабарлайды Qaz365.kz.

Үкімет жас ақын-жазушылардың шығармашылығын қолдап, ой еңбегін елеусіз қалдырмай отыр. Мәдениет және ақпарат министрі «Егер автордың кітабы бір жыл ішінде жарыққа шығып, кітап дүкендері арқылы сатылымда жақсы көрсеткішке қол жеткізсе, оның кезекті басылымы мен таралымын мемлекет өз мойнына алады» деп қаламгерлерді жағымды жаңалықпен сүйіншіледі.

Ширек ғасырдан бері өз күндерін өзі көріп, жан бағып жүрген алматылық қаламгерлерді бұл жаңалық қуантқанымен, мемлекет қолдауының соңы – Мағжан ақын айтқан заман ақындарының қолдан талант жасауына апармай ма деген сауал туады. Осы мәселе төңірегінде ақын Ерғали Бақашпен тілдескен едік.

– Бүгінде қаламгерлерге «әдеби сын жоқ, тәуір шығарма жоқтың қасы» деген уәж көп айтылады. Бұған көзқарасыңыз қандай? Жалпы сынның жоғары деңгейі қандай болу керек?

– Сын –жауынгер жанр. Сыншы болу – үлкен жауапкершілік пен білімді, білікті қажет етеді. Оның үстіне сынды қабылдау мәдениеті біздің әдеби ортада әлі толық қалыптаспаған. Өтірік мақтасаң да, соны ішінен біліп тұрып та сенген түр танытатын деңгейге жеттік... Сондай-ақ өзін өзгеден жоғары қоятын оқу-тоқуы аз, білім-білігі кемшін қатарластар мен бір шоғыр жастар өсіп келеді. Бір-екі әңгімесіне сын, ескерту айтсаң, достық, сыйластық деген қасиетті ұғымдарға сызат түседі.

Редактор, корректорсыз кітаптар қаптап шығып жатыр

Жасыратыны жоқ, қазір Алматы қаласының баспаларында редактор, корректорсыз кітаптар қаптап шығып жатыр. Оның бәрін оқу, бағалау, саусақпен санарлық сыншыларға оңайға соқпайды. Міне, осындай нөпір-тасқынның арасында шынайы көркем дүниелер еленбей, ескерусіз, атаусыз қалып жатыр деп ойлаймын.

Көркемдік қуаты күшті, әдеби талаптарға толық жауап беретін шығармаларды екінің бірі тап басып тани бермейді. Оны да ескерген жөн... Бірақ шын асылға ешқашан күйе жұқпайды. Уақыты келгенде жарқ ете қалады.

Әдеби сынға аға буын белсене араласуы керек. Әрине, жазбаша түрде болмаса да, жастардың шығармаларына деген ескертуін көңілге қарамай батыл айтқан жөн. Қолпаштау, өтірік көтермелеу, жөнді-жөнсіз классик қатарына қосу – ұлт әдебиеті үшін қиянат деп есептеймін.

«Арамызда артық мақтауға еліріп, шелиіп алғандар жүр»

Нағыз әдебиет ұлттың жанына қызмет ету тиіс. Ол үшін – сын мен сыншының пікіріне құрмет етуді, қабылдауды үйренуіміз керек. Артық мақтауға еліріп, өзгені менсінбей, шелиіп алғандар да арамызда жүр, өкінішке қарай...

Бірақ әдеби сын жоқ деп атойлауға болмас. Арагідік болса да, бой көрсетіп жүр. Ең бастысы – әр қаламгер өзіне-өзі сын көзбен қарауы керек. Жаныңды жеп, қабырғаңды кеміріп отырып жазған дүниең өзіңе опа береді. Өзге біреу аямасын демесең, өзіңді-өзің аямауың керек.

– Сөзіңіз аузыңызда. Әдеби сынға аға буын белсене араласуы керек дедіңіз. Осы әдебиеттегі буынаралық байланыстың ішінде өзара бөліну бардай көрінеді. «Мен оны мойындамаймын, жазғаны түкке де тұрмайды» деген сынаулар әлі күнге дейін бар. Бәлкім, жазушыларымыздың әлемдік деңгейге шыға алмай отырғаны осы күндестіктен болар?

– Руға, жершілдікке бөліну – аға буыннан жұққан дерт. Оны мойындау керек. Бірақ жастар арасында бұл қатты белең алды деп ойламаймын. Бірен-сараң ұшқындары кезігіп жатады. Оның ішінде өзім араласатын алматылық қаламгерлерден мұны байқай қоймадым. Ал сіз айтқан әлгі мәселені қарапайым қазақбайлыққа жатқыза салу керек шығар. Тіпті, руға, жерге бөлініп, қырықпышақ болған ағаларымыз тұтас ұлт туралы, ел мен жер проблемасы сөз болғанда, бір жеңнен қол, бір жағадан бас шығара алатын болған. Бүгін ғой, кері кетіп тұрғанымыз.

Қазақ әдебиеті әлемдік деңгейге неге шыға алмай отыр деген сауал қаншалықты маңызды болса, әлемдік деңгейдің қандай екенін де ажырата білу керек сияқты...

Қазақ әдебиетінде көркемдік көкжиегі кең, дара образ жасаған жазушылар бар. Олардың еңбектері аударылып, жарияланып жүр. Қаламыздағы баспа үйлерінен сатып алып, оқып-таныса аласыздар. Бірақ, сол аударма көңіл көншіте ме, әңгіме сонда. Одан кейін «әлемге танылмай жатырмыз, қазақ әдебиетін әлем білмейді» деп байбалам салудың қажеті жоқ. Мықты қаламгерлерді уақыттың өзі алға шығарады. Оның үстіне қазір әлем әдебиеті деген түсінік көркемдіктен гөрі, жалаң публицистикаға ауып кеткендей көрінеді.

– Мықты қаламгерлерді уақыттың өзі алға шығарады дейсіз. Өзіңіз білесіз, жыр мүшәйралары мен әдеби шығармашылық байқаулардың соңы «әділқазылар әділ бағалай алмады» деген шумен аяқталып, әлеуметтік желілерде жарысып жазып жатады. Ал төрелік ететіндер құрамы қалыптасқан, әдеби ортада мойындалған тұлғалар. Шын таланттың өміршең туындысын басқалардың потенциалынан ажырату қиын жұмыс емес шығар?.. Алматыдағы жыр мүшайраларға жиі қатысатындықтан, көзқарасыңызды білгіміз келеді.

– Мүшәйралар мен конкурстар қай кезде де өкпе-назсыз болған емес. Маған біртүрлі көрінетіні – жастармен жағаласып, мемлекеттік сыйлық алған ағаларымыз да байқауларға қатысып жүретіні. Іштей ыңғайсыздана ма, әйтеуір «ақындығымды сынайын деп қатысып едім» деген сыңайдағы сөздерін айтып жатады.

Әлеуметтік желіге ашу-ызасын ақтаратындарды түсінбеймін. Көркем сөз, әдебиет деген – қастерлі ұғым. Біз соның қадірін жете түсінбейтіндейміз.

«Ақын-жазушылардың көбінде мінез жоқ!»

Әкім көрсе жалбақтап, министр көрсе, бүгежектеп кетеді. Президенттің алдына барса, бірін-бірі көзін бақырайтып қойып, сатып жүре береді. Міне, бұл – дерт. Ауру. Өкінішке қарай, ақын-жазушылардың көбінде мінез жоқ!..

– Мемлекеттік тапсырыспен қаламгерлер кітабын шығарып, қаламақы алады. Үкімет тарапынан қолдаудың болғаны жақсы, әрине. Бірақ бұл жазушыларды жан бағу үшін ғана шығарма жазуына сеп болмай ма? Жақсы шығарма – шабыт келгенде толғатып жазылады. Мағжан ақын айтқан заман ақындарының сыйқы қолдан талант жасауға апармай ма?

– Еңбектің еленгені жақсы. Әсіресе, ой еңбегінің. Себебі қағазға түскен көркем дүние жарыққа шыққан соң, халық қазынасына айналады. Әрине, айнала алса... Ендеше, оның еңбекақысы төлену керек емес пе?.. Онсыз да мәдениеттің ошағы болған Алматыдай шаһарда жан бағып жүргендер көп. Қаламгерлер қаламақысыз, өз күнін өзі көріп келе жатқалы ширек ғасырдан асты. Енді ғана министрліктің қолдауымен жаңа жобалар жолға қойылып, қаламақы төлене бастады. Жылдан-жылға қаражат көлемі де артып келеді. Бұл жақсы үрдіс. Бірақ кітаптарды іріктеу, сұрыптау, сондай-ақ тек қана жаңа дүниелерді басып шығару талабы күшеюі керек.

Үкіметтің қаламгерлерді қолдауы – қолдан талант жасауға итермелемейді. Керісінше ұлттың оянуына оң ықпал етеді. Мемлекет таланттарды қолдауы керек. Талантсыздар өздері-ақ жол тауып алады. Ежелден солай, солай бола да бермек.

Дегенмен қаламгер қауымы ұлт алдындағы борышын, қасиетті көркем сөз алдындағы парызын ешқашан ұмытпауы керек.

– Қайбір жылы «Адамтас» кітабыңызды шығардыңыз. Өзіңіз сатып жүргеніңізден де хабардармыз. Қаламгерлер кітабын шығаруға келгенде, үкіметтен қолдау күтеді. Сіздіңше, кітап саудасы мен насихат жұмысының мәселесін қалай шешкен дұрыс?

– Иә, «Адамтас» атты әңгімелермен эсселер жинағым Алматы қаласы әкімдігінің қолдауымен жарық көрді. Өзіме тиісті 300 данасын қызығушылық танытқан оқырмандар сатып алды. Әлі де сұрап жататындар бар...

Қазір кітап басып шығару біздің елде біршама жолға қойылып, дамуға бет алды. Оны өзің де оқып-біліп жүрген боларсың. Бірақ көркем дүниелерден гөрі саяси, әлеуметтік маңызы бар дүниелер басым ба деп ойлаймын. Ол аз десең, облыстық әкімшілік қолдап, шығып жатқан дүниелер де бар. Сөзімді қорытындылай келе айтарым, кітап басып шығару процесі тоқтаған емес. Енді тек сол кітаптарды оқитын оқырмандар шоғыры қалыптасса дейсің...

Кітап оқитын, еркін, өзіндік ой-пікірін ашық айта алатын жастар қатары артқанда ғана еліміздің ертеңі шуақты болады.

– Шығармашылығыңызда қандай жаңалық бар? Биыл қандай туындыңыз шықпақ?

– Шығармашылықта ауыз толтырып айтарлықтай жаңалық жоқ. Өткен жылы министрліктің қолдауымен «Тылсым түн» атты жыр жинағым жарық көрді.

Биыл кітап шығаруды жоспарлап отырған жоқпын. Ептеп бірдеңелер жазып жүрмін. Уақыты келгенде көрерміз...

– Жазарыңыз таусылмасын!

– Рахмет!