Үш азаматты іздестіріп жатыр
Аягөз ауданы, Қарағаш ауылының тұрғындары үш азаматты іздестіріп жатыр. Аталған оқиғаға байланысты Абай облыстық ТЖД ресми мәлімет берді, деп хабарлайды Qaz365.kz.
Аягөз аудандық әкімдігі жолдаған нақты ақпаратынша, 26 наурыз күні жоғалған азаматтардың бірі – 1985 жылы туған Шалқар Қажыгереев болса, екіншісі – 1957 жылғы Қуанышбек Мырзағазин. Олар "Шалқар" қосалқы шаруашылығынан Қарағаш ауылына жету үшін жол қысқарту мақсатымен МТЗ-82 тракторымен Борлы өзенінің үстімен өтпек болған. Алайда өзен ортасында трактор тұрып қалып қиын жағдайға ұшыраған. Құтқарушылар келгенімен, олардың қайда кеткені белгісіз болып отыр.
Қазір Абай облыстық ТЖД, облыстық полиция департаменті, әскери бөлім сарбаздары, жалпы жиыны 41 адам іздестіру жұмыстарына кірісті. Жедел шараға 5 техника, 4 жүзу құралы, 3 пилотсыз ұшу аппараттары және жергілікті азаматтар қатысуда.
Сондай-ақ осы екі азаматтан бөлек 1977 жылы туған тағы бір азамат 23 наурыздан бері табылмай жатыр. Ол жайында әзірге Аягөз өзенінен өтпек болған кезде аттан құлап, суға кетуі мүмкін деген болжам бар.