102 адам төрт кезеңмен сынақтан өтіп, 12 адам іріктеліп алынған
Экс-министр Қуандық Бишімбаевтың сотында алқа билерді іріктеуге бес сағат кеткен. 102 адам төрт кезеңмен сынақтан өтіп, 12 адам іріктеліп алынған. Бұл туралы әлеуметтік желіде марқұм Салтанат Нүкенованың ағасы Айтбек Амангелді айтты, деп хабарлайды Qaz365.kz.
«Соттан кейін маған алқа билер жөнінде сұрақ қойылған. Бірақ соттан шыққанда басың ауырып, ауыр ойлармен тұрғанда сұраққа жауап беру қиын. Сол себепті айтқым келген ойларым кейін туындап жатыр. Бүгін сағат үшке дейін алқа билер іріктелді. 102 адам келді. Іріктеу төрт кезеңнен тұрды. Объективті әрі жедел болды. Алқа билер алғаш кіріп келген кезде тым көп еді. Келіп жатты, келіп жатты. Бәрі залға сыймай қалатындай көрінді», - дейді Амангелді.
Марқұмның ағасы бірінші кезекте, судья базалық сұрақтар қойып, қандай да бір адамдарда жауап болса, өз нөмірін көтеріп, сөз сұрап, өз позициясын білдіргенін айтады. Алғашқы сұрақтардың бірі ретінде алқа билікке үміткерлер арасында сотқа қатысушылардың арасында таныстарыңыз бар ма деген сауал болған. Алқа билікке үміткерлер арасында қатысушыларды кезінде көргендер бар болып шықты. Судья оларды алқа биліктен үміткерлер қатарынан бірден босатты. Себебі заңға сәйкес, алқа билер сотқа қатысушыларды танымауы керек.
«Ізінше, алқа билерден орыс тілін біле ме деген сұрақ қойылды. Өйткені іс орыс тілінде өтіп жатыр. Орыс тілін түсінетіндер, бірақ аса сөйлей алмайтындар да қалған», - дейді ол.
Айтбек Амангелдінің айтуынша, үміткерлердің кейбірі денсаулығына байланысты сотқа қатыса алмайтынын айтқан. Алқа билерді іріктеудің екінші кезеңінде үміткерлерге нақты сұрақ қойылып, олардың объективтілігі сыналған.
«Менің есімде бір әйел қалды. Ол «мен бұл сотқа төрелік ете алмаймын, себебі өзім де осындайдан өткенмін» деді. Маған оның шын айтқаны ұнады. Судья да түсінді. Жалпыға ортақ сұрақтар да қойылды. Мәселен, «некедесіз бе?» деген сұрақ қойылды. «Балаларыңыз бар ма?» деп сұралды. Бұл рулетка іспеттес екен. Кезең-кезеңімен 12 алқа би таңдалды», - дейді Айтбек Амангелді.
Сот залында әр алқа бидің орыны бар. Олар басынан аяғына дейін сол орындықта болады. Бірден онға дейін негізгі, екеуі қосалқы алқа би.
«Біз өз тарапымыздан алқа билердің құрамы жағынан еш ескерту берген жоқпыз. Алқа билер бүкіл материалдармен, сараптама қорытындыларымен, фото-вилеолармен танысады. Сол арқылы кінәлі-кінәсіздігін айқындауы керек», - дейді ол.