Депутат қоғамда газет оқитын электорат барын атап өтті
Мәжіліс депутаты Жанарбек Әшімжан қазақ тілді газет-журналдарды қаржылық, идеологиялық жағынан қолдауға шақырып, Қазпоштаның жұмысын қатаң сынады, деп хабарлайды Qaz365.kz.
Мемлекеттік ақпарат саясаты талқыланған Мәжілістің жұмыс тобының отырысында Жанарбек Әшімжан Қазпоштаның мәселесі бір ғана заң жобасымен реттелмейтінін айтады.
«Депутат Екатерина Смышляева кіргізіп жатқан заң жобасына ұсынамыз деген келістік. Қазпоштаның әй дейтін әжесін, қой дейтін қожасын тауып беру! Бүкіл газеттің жалпы құнының 40 пайыздық ақшасын қалтасына басып алып, білгенін істеп, айтқанына жүргізіп, айдағанына көндіріп жүрген, бүкіл оқырманды газет-журналдардан алыстатқан – осы Қазпошта. Жеке монополия болып кетті. Бүкіл қазақ қоғамын мәдениетсіздікке, сауатсыздыққа итермелеген, кітаптан да, газеттен де алыстатқан, қазақ қоғамына бірден-бір қастық, жаулық жасап отырған Қазпошта мекемесі деп есептеймін», - дейді депутат.
Жанарбек Әшімжан басылымды басқарып жүрген кезде де осыған көзім жеткенін айтады.
«Алты басты айдаһармен біз 20 жылдай алыстық. Біздің шама келмеді. Мемлекеттің өткен 30 жылдағы саяси ақпараттық жүйесін қалыптастырған, жекелеген тұлғалар «крышовать» еткен осы ұлттық компания әлі күнге дейін заңдық әрі басқа да бағасын ала алмай келе жатыр. Біз осыны әлі реттей алмай келе жатырмыз», - дейді ол.
Жанарбек Әшімжан әріптесі Ринат Зайытовтың айтқанымен келіспейтінін, қоғамда газет оқитын электорат барын атап өтті.
«Біз газет оқитын дәстүрі қалыптасқан елміз. Соңғы уақытта қоғамдағы осы жүйе дәстүрімізден тамырымызды үзген. Сол тамырды мемлекеттік мекеменің мойнына артып тастау емес, әрқайсымымыз отбасымыздан, балабақшадан қалыптасатын дүние деп есептеймін. Қазір түбегейлі қоғам газет-журналдан бас тартып, мәдениетсіздікке кеткен жоқ. Қарапайым тілшіден бастап басылымның басшысына дейін көтерілген азамат ретінде (Қазақ Әдебиеті, Ана тілі, Жас Қазақ, Жас Алаш газетттерінде басшылық қызметте болған) қоғамда сұраныс бар. Бірақ бізге мемлекеттен тиісті деңгейде қолдау керек. Қаракөз басылымдардың белін үзіп, тізесін бүгіп, қоғамдағы ақпарат кеңістіктің босағасына апарып қойғанбыз. Қазақ басылымдарын осы жағдайға жеткізді әңгіменің ашығын айтқанда. Өңірлерде, аудандарда, ауылдарда оқырмандар бар», - дейді депутат.
Еске салайық, бұған дейін Qaz365.kz порталы газеттер мен журналшылардың мәселесін кеңінен жазған. Қоғамда ел өміріне тікелей қатысты, сол себепті жиі сынға ұшырайтын мекеменің бірі – «Қазпошта». Уақытында жетпейтін тауарлар, ұзын-сонар кезек, пошташылардың айлығы, оған қоса саладағы жемқорлық... Жұртшылық өкпесінің қара қазандай болуының тағы бір себебі – газет-журналдар мәселесі. Халық газет-журналдарға жазылса да, онысы уақытында жетпей, бұл мәселеден журналшылар да әбден зәрезап болған. Газетшілер мен журналшылар не себепті "Қазпошта" басылымдардың тамырына балта шауып отыр деп дабыл қағады.